Өлең, жыр, ақындар


Төрт лаулау,
Екі дің-дің,
Бір шібжің.

Түйенің аяғы, екі өркеші, құйыршығы



Шашылды маржан,
Бағасы арзан.

Құмалақ



Бір тауығым бар,
Жұмыртқасы көп,
Көп те болса жарылмайды.

Түйенің құмалағы



Жоғарыдан көп тас домалайды,
Кезектесіп бірін-бірі қуалайды.

Түйенің құмалағы



Таудан тас домалайды,
Тас бұршақтай сабалайды.

Түйенің құмалағы



Төсек астында төрт күлше.

Түйенің төрт табаны



Төрт кісі төсек сал дейді,
Екі кісі қарауыл қарайды,
Үлкен әйел есік аш дейді,
Кіші әйел төмпештейді.

Түйе, төрт аяғы, екі өркеші, түйенің құмалақ тастағаны



Дүбір-дүбір төртеу,
Есенгелді екеу.
Жағалбайлы жалғыз,
Оның таңы қарбыз.

Түйенің аяғы, екі құлағы, құйыршығы



Екі кісі қарауыл қарайды,
Бір кісі шөпшек тереді.

Түйенің өркеші, ерні



Екеуі қарауыл қарап тұр
Төртеуі ұйықтап жатыр,
Біреуі қамыр басып тұр.

Түйе



Екі ауылдың баласы еңбектеп келеді,
Төрт ауылдың баласы төбелесіп келеді,
Бір ауылдың баласы шөпшек теріп келеді.

Жайылымнан қайтқан түйенің өркеші, аяғы, ауызы



Бір тақыт бар дүниеде әркім білер,
Ол тақыт қымбат емес, әркім мінер.
Мінерінде төмендеп келеді екен,
Мінгеннен соң жоғары көтерілер.

Түйе, оған мінген адам



Дүниеде ақас бар бек жайлаған,
Жанына адам барса ойбайлаған.
Ақастың адам білер мінезі бар,
Мінгесіп екі бала той тойлаған.

Түйе және оның өркеші



Ұзын-ұзын ұлпаны,
Ішіндегі жұлпаны.

Түйе, бота



Үш тың-тың,
Екі жылтың,
Төрт тап-тап,
Қап-қара сатпақ,
Бір былғаныш.

Түйе



Даусы қоңыр, үні мұң,
Тесіп қойған мұрынын.

Түйе



Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен,
Бұл не,өзің тауып ал?

Түйе



Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` -деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Бұл не деген жануар?

Түйе



Маң-маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.

Түйе



Таптым-таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға.

Түйе