Өлең, жыр, ақындар

Жайлы мектеп — ұлт болашағына салынған инвестиция

Табысты ұлт болудың маңызды шарттарының бірі — орта білім сапасы. Ал әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалып, заманауи мектептер салынуы тиіс. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы айрықша назар аударып келеді. Мәселен, Президент 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатындығын мәлімдеген еді.

Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті, ал 2025 жылы 152 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мектептердің 163-ы немесе 44 пайызы ауылдық жерлерде салынады. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге, оның ішінде:

  • 2023 жылға – 500 млрд теңге
  • 2024 жылға – 976,3 млрд теңге
  • 2025 жылға – 909,4 млрд теңге бөлінген.

Таяуда өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленіп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптар бекітілген айтқан еді. Нақтырақ айтқанда:

Біріншіден, мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді.

Екіншіден, эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі рәсімелді.

Үшіншіден, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды.

Төртіншіден, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.

Бесіншіден, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру көзделді.

Алтыншыдан, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді.

Жетіншіден, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша киім ілетін орын қарастырылды.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізді. Оған сәйкес:

  • жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынатын болады;
  • мектеп құрылысында оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын-ала келісімшарт жасау тәсілін қолданылады.
  • Жалпы, ұлттық жоба ең алдымен білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі:
  • «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы шеңберінде жайлы мектептер үшін жаңа буын директорларының корпусын іріктеуді қолға алды;
  • жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжірибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтер базасы қалыптастырып жатыр;
  • еліміздің Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновациялық лицейлері, республикалық физика-математика мектептері сынды жетекші оқу орындарының тәжірибесі негізінде оқу процесінің мазмұнын жетілдіруге бағытталған білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі әзірлену үстінде.

Осы уақытқа дейін жайлы мектептердің құрылысы 3 тәсіл арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Атап айтар болсақ, ең алдымен «Самұрық-Қазына Констракшн» арқылы мектептердің нысаналы құрылысын салынады. Екіншіден, әкімдіктер, нақтырақ айтқанда Алматы қаласының әкімдігі жеке инвесторлардан 8, ал елорда әкімдігі 1 дайын ғимаратты тауар түрінде сатып алады. Үшіншіден мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Алматы қаласында 1 мектеп салынады.

Енді осыған Оқу-ағарту министрлігі төртінші тәсілді әзірлеп, енгізіп отыр. Бұл тәсіл жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асырылады. Оны іске асыру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы және кейінге қалдырылатын міндеттемелер есебінен бюджетке жүктеме азаяды және құрылыстың қымбаттау тәуекелдері болмайды. Инвесторларды іріктеуді әкімдіктер конкурстық негізде жүзеге асырады.

Өткен жылы «Самұрық-Қазына Констракшн» 208 мектепті жобалауды және салуды бастады. Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері осы жылы 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 98 мектепті, ал қалған 110 мектепті 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Таяуда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаждаров ұлттық жоба аясында салынатын жайлы мектептердің типтік мектептерден айырмашылығын атаған болатын.

«Жайлы мектептердің типтік мектептерге қарағанда бірінші айырмашылығы – құрал-жабдықпен қамтылуы, яғни қазіргі типтік мектептердің қажетті жабдықтармен қамтылуы 6 пайыз болса, ал жайлы мектептерде ол көрсеткіш 15-20 пайызға артады. Ол дегеніміз компьютерлер, ұйымдастыру техникалары, интерактивті тақталар, робототехника кабинеті және тағы басқа. Келесі айырмашылығы, қазіргі типтік мектептерде бір ғана спортзал бар, ал жайлы мектептерде оның саны 2-ден 4 спортзалға дейін көбейеді», - деген еді Ғабит Малғаждаров «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғамдық кеңесі барысында.

Оның атап өтуінше, жайлы мектеп жиһазы да толықтай қазақстандық өнім болуы тиіс. Бұл талап Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Ол үшін мердігер компания отандық өндірушілермен шарт жасасу керек және ол «Samruk-Kazyna Construction» мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан тексеріледі. Талап орындалмаған жағдайда мердігер компанияға қаржы бөлінбейді және айыппұл салынады.

Айта кетерлігі, «жайлы мектептердің» құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Мұны таяудағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов баса айтқан болатын.

«Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органнан нақты іс-қимылдарды талап етемін. Бірінші, «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», - деген еді Үкімет басшысы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз