Өлең, жыр, ақындар


Екі аяқты кеулейді басын созған,
Мойнында жалын қамыт ноқталанған.
Ұзын тұмсық құйрығы келте келген,
Тиіп кетсең бұрқылдап сыртылдаған.

Пулемет



Адамның ең қымбатты,
Тастамайтын құралы,
Кішкене ғана қозғалса,
Жапыра жауды қырады.

Пулемет



Тау астынан күрсілдеп,
Жөтеледі,құсады,
Құсығы жоқ жалынды,
Түскен жерін өрт құшады.

Пушка



Құстай ұшып зыр қаққан,
Түскен жерін қиратқан.

Снаряд



Ашуына басқанда,
Шаң көтерген аспанға.

Бомба



Тиіп кетсе, тырс етіп қақ жарылған,
Бар тетігі адамзатқа бағынған.
Мерт қылады жақын келген нәрсені,
Қастық қылса жаудың жайы табылмаған.

Бомба



Ұшса сырнай тартар,
Қонса қарап жатар.

Зеңбіректің оғы



Аузы жоқ, қолы жоқ,
Ұшқан құстан озады.

Оқ



Судыр-судыр жүгенім,
Судыр қара дөненім,
Желіп кетсе жеткізбес,
Түсіп кетсе таптырмас.

Оқ



Бір құс бар сондай ұшқыр, ұшар жерден,
Жалпылдап жанған оты қолын сермер,
Шыңыраудан мойны ұзын шығады екен,
Шошынар жанды мақұлық оны көрген.

Оқ



Темір жатыр ағаштың арқасында,
Жап-жалтыр қара шойын шыға қашар,
Әкесі ашуланса баласына.

Мылтық



Қара күшігім қанқ етті,
Даусы Бұхарға жетті.

Мылтықтың даусы



Қуыс қурайдың басынан
Құтырған торғай ұшты.

Мылтықтың оғы



Жылт, жылт еткен,
Жырғадан өткен.

Мылтықтың оғы



Өмір-өмір,өмірден,
Жаққан оты көмірден,
Шыңырау деген бір құс бар,
Жұмыртқасы темірден.

Мылтық, оқ



Көз алдыма әкелсем,
Алыс жерге түкірген.
Ебін тапсаң инедей,
Айтқан жерден түйрелген.

Мылтық, оқ



Тау тарс етті,
Күн гүрс етті.
Жырадағы жылқы үрікті,
Жымда жатқан түлкі үрікті.

Мылтық



Дауыстап жаһанда ақырғанда,
Баласы қайта келмес шақырғанға.

Мылтық



Алып соғып арс етті,
Даусы Самарқанға жетті.

Мылтық



Бас бармағы бармақтай,
Бақырғаны тайлақтай.

Мылтық