Өлең, жыр, ақындар

Жалған емес, дүние жалған емес

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 335
(Айсәуле ана рухына)

О, жарық Күн, бір атып, бір бататын,
О, Аналар!, тірлік боп тіл қататын —
Сен екеуің бастауы жанымыздың,
Сендер ғана көз жасты құрғататын.
Жалғыз тілек, мұраты басындағы,
Жүз жасында жылуы басылмады.
Әулиедей Әбішін, шөбереге
Аманат қып, пайғамбар жасындағы:
"Жабырқатпаң Әбішті!" — депті-ау, ана,
Шөбереге сезімін екті-ау, дана.
Сарқа таусып қуатын, түк қалдырмай,
Бір шыраққа май болып, өтті-ау, жаңа.
Ғұмыр кешті, бір елге пана болып,
(Қабылдамас құбылыс саның толық).
Өмір сүрді Әбішке алпыс үш жыл,
Елу жылдай маған да ана болып.
Сүйікті едің бар бала бағындай боп,
Көп көгершін ішінде ағындай боп.
Қарқарадай жаулығың көз алдымда,
Енді елес, кеттің бе сағымдай боп?
Аз бен көпті құшағың теңгеретін,
Сол құшақтар әлсізге дем беретін.
Алтын арқау сен едің, өмір — өрмек,
Тіпті тентек сөзіңді жөн көретін.
Жанарыңнан тағынғам моншағыңды,
(Жақсы көре алдым ба, сонша, кімді?).
Мейіріңе сан рет шомылған ем,
Ембегенмен мен сенің емшегіңді.
Біз тіріде, ұрпақта сана сауда,
Жырланарсыз теңеліп сан атауға.
Маңғыстауда желегің бұлт боп ұшар,
Сәукеле боп киілер Алатауға.
Кеттің бе енді анажан арамыздан,
Қорғаушы едің жүректі жара, мұздан.
Тірі әулие секілді, айналайын,
Орын таптың мәңгілік санамыздан.
Ана аты ақынға жыр алаңы,
Ақ маржан боп қара сөз түр алады.
Қош бол ана, жалғанмен қоштастыңыз,
Туар тағы бір ана, бір ананы.
Қате айттым-ау, дүние жалған емес,
Рухы тұр, артында қалған елес.
Ана сүтін ақтарлық ұрпақ барда,
Жалған емес, дүние жалған емес!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен Сайынмын ғой

  • 0
  • 0

Апырым-ай!
Неге мені мына жұрт елемейді?
Дейтін кісің мен емес ие, мейлі
Бетін ашып алалық мәселенің,

Толық

Төрелік

  • 0
  • 0

Екі азамат ұстасса
Жасы үлкені кінәлі.
Арқалайды соңында
Жасы кіші күнәні.

Толық

Түн

  • 0
  • 0

Аспаның анау, лаулатып сансыз отты үрген,
Жымыңдап жұлдыз бәрін де көрдім деп күлген.
Қысылар жан жоқ, екеуден екеу қалғанда
Бақытты сол жан, сезімге тәнді өлтірген.

Толық

Қарап көріңіз