Өлең, жыр, ақындар

Шашамын оңды-солды от жырымды

Қым-қуат өмір деген – күрес білем,
Тым-тырыс жүрген жанды кім естіген.
Той болсын бүгінгі күн адамзатқа,
Жырымды оңды-солды үлестірем!

Жырларым найзағайдай жарқылдасын,
Шабытым шапқан сайын қарқындасын.
Ойларым түпсіз терең теңізден де,
Білемін ешқашанда сарқылмасын!

Шашамын от жырымды қиналмастан,
Артымда өлең қалсын жиналмастан.
Тамшыдай өлең деген не тәйірі,
Кеудеме жеті қабат сиғанда аспан!

Жырларым азық болсын өлмегенге,
Шаншылған қазық болсын өрлегенге.
Алыстан көрінетін жарық болсын,
Ақырын үміттері сөнген елге!

Келіңдер!
Келіп менен от алыңдар!
От алып қиындықты қопарыңдар!
Жалынын өлеңімнің сөндірместен,
Көп болып болашаққа апарыңдар!

Таласып уақытпен өрлейді Өлең,
Жұлдыздай аспандағы сөнбейді Өлең.
Қоштасып өздеріңмен мен кетермін,
Қалғанша соңғы адам өлмейді Өлең!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз