Өлең, жыр, ақындар

Туған жер

  • 11.11.2021
  • 0
  • 0
  • 690
Тұншығып кеттім, туған жер,
Желіңді бетке тос, кәні.
Желдей бір ескен жылдармен,
Аласармасын аспаным!
Арқама тауың артылып,
Серпіп бір тіліп тұманды ақ.
Бұлтыңды жібер шарфы ғып,
Шығайын кәне, сылаңдап.
Мен де бір сенің сынығың,
Мен де бір сенің сыңарың.
Шайқалмай тұрған тұнығың,
Сіміріп қанбас құмарым.
Мен де бір сенің қанатың,
Жалынға бауры шарпылған,
Сабырдың сарқып сағатын,
Сағыныштарым шарқ ұрған!
Оралып ойлы кешіңе,
Атар таң жайлы сыр аулап.
Шалғынды майда төсіңе,
Кетейін деп ем бір аунап!
Өзімдік жырдан жоқ көшем,
Созылып жатқан оқтай боп.
Көңілмен өмір көп кешем,
Тағдыр тепкен доптай боп...
Желдей бір ескен жылдармен,
Кеудемді титтей жандырып.
Арман боп тусам, туған жер,
Өзіңмен қайта жаңғырып!
Түйісіп күнмен жанарым,
Тұрса бір тауым шағылмай.
Бала емізген ананың,
Бақытты, бейғам шағындай!..
* * *
Советтің осынау кең елін,
Көргем жоқ шарлап тегі мен.
Келбетін бәр-бәр көремін,
Алақандай-ақ көгінен!..
Көргенім емес, білгенім,
Әлемнің шексіз байтағы.
Қанатты құстай бұл көңіл,
Аралап бәрін қайтады!
Өмірім өскен өз елім,
Ардай бір аппақ бұлты шын.
Шаттығын іштей сеземін,
Баламның естіп күлкісін.
Жүргем жоқ жоқты өлең ғып,
Болмадым айтып әлі мен.
Арманды ұғам әлемдік,
Жарымның айтқан әнінен!
Аспанда ортақ нұр күнім,
Аспанға ортақ бауырмын.
Айтады әлем тірлігін,
Түтіні туған ауылдың.
Болғам жоқ алыс сапарда,
Сапаршыл елді күндемен.
Тұрарда таң боп, жатарда
Кеш болып батам күнде мен.
Елімнің өмір ұраны,
Соқпасын сағат соңғы рет.
Жанымда титтей тұрады,
Жер әлем туы желбіреп!
* * *
Махаббаттың ұясы боп әр мекен,
Махаббаттың ұясы боп көңілде.
Бақыттымын
Деген бір жан бар ма екен,
Айтыңдаршы, осынау жарқын өмірде.
Өткір оймен өтпес ойды жанимын,
Саңлауынан сығалап кеп сан үйдің.
Бақыттыны күлкісінен танимын,
Бақытсызды жүрісінен танимын.
Ғашық жандар ұғынысып жүрекпен,
Өміріне жасап кетер жыр өткел.
Батыр жандар ұғынысып білекпен,
Көкірегі қызыл-жасыл гүл өпкен.
Сатылғандар, ұғынысып өліммен,
Топырақпен қалар жүзі көмілмей.
Ақын жандар ұғынысып өмірмен,
Өлең жасап кетеді екен өмірдей.
Ғашық жандар сөйлеседі жүрекпен,
Батыр жандар сөйлеседі білекпен.
Жалт қарасам кейде, кешір, жер-ана,
Баурыңдағы кім екен деп шыр еткен.
* * *
Есімде бала жылдарым,
Мен жүрген жолдар шырғалаң.
Бергемін жауап сынға мың,
Басыма орнап бір ғалам.
Есімде атқан таңдарым,
Алаңсыз ашық күлкімдей.
Сақтағам еске мен бәрін,
Өмірдің алтын кілтіндей.
Елестер өтер көшке ұқсап,
Тұрағын көңіл таппай жүр.
Көрінген маған дос құшақ,
Сыбдырлы сырлы бақтай бір.
Сыры мол өткен жылдардан,
Не беріп жанға нені алдым.
Көшіріп түннен күнге арман,
Арманмен қайта жаралдым.
Жамылған көкті кең жолым,
Мен асқан қилы қыр-белес.
Есімде не бар, не жоғын,
Есебін алмақ жиырма бес!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арман, арман о, қандай асқақ еді

  • 0
  • 0

Арман, арман о, қандай асқақ еді.
Көрінеді асқаққа тас та әдемі.
Солып қалар суыққа көңіл гүлім,
Қатарына кәрінің қоспа мені.

Толық

Туған ел

  • 0
  • 0

Көз алдыңда биігім мен еңісім,
Өз алдыңда көкжиегім кеңісін.
Мақтанышың болмасам да, туған ел,
Өмір сүріп жүргендеймін сен үшін.

Толық

Өтеді бәрі, бір ойды бір ой қозғайды

  • 0
  • 0

Өтеді бәрі, бір ойды бір ой қозғайды,
Бәсекелесіп, таулардан таулар озбайды.
Кешкі күннің шапағына шомылып
Қызыл шоқ бұлттар көгімде маздап, қоздайды...

Толық

Қарап көріңіз