Өлең, жыр, ақындар

Жар басында

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 318
Тәкаппарсың, сұстанып, керіп қабақ,
Толқын шашын табаны өріп, тарап.
Жар тұратын, жалықпай жүзін көріп,
Төбесінен өзеннің төніп қарап.
«Ағынды Ақсу» ағатын күлкіні өріп,
Ақ арманның ашылмай кілті берік.
Қытықтайтын қолтығын, толқын, жардың –
Тұрғанына шыдамай құр түнеріп...
Құпиясын қызықтап, бала шақтың,
Болдым іштей қиялдап, алашапқын.
Жар басынан қараушы ем, таңғы ағысқа
Көргім келіп бейнесін бала шақтың.
Сезім – балық, ойнаған бұлаққұмар,
Тасқа тиіп тұмсығы жылап тынар
Егіліп жар, шыдамай су арудың,
Ауық-ауық үстіне құлап, тұрар.
Жаға жайдың жайқалып оты қалың,
(Жар басында ой кешіп отырамын).
Ағады Ақсу, үстіне гүрс етіп бір –
Құлайтұғын, қосып ап топырағын...
Талшыбықтай толқыны мың бұралып,
Көкжиектен сүйердей күнді барып.
Ағысы ұрып жататын күндіз-түні,
Биік жардың табанын үңгіп, ағып.
Өтті, кетті, күмбірлі кезің керуен,
Әлиядай әжемнің көзін көрген.
Айдынына арудың құлаған жар
Жігіттей бір төзімін сезім жеңген...
Жылатты арман, кімдерді жұбатты арман,
Бұлақ таудан аққандай, сыр ақтарған.
Табамын ба, білмеймін енді барсам,
Туған үйдің орынын құлап қалған.
Бөгей алмай бойдағы тасқынымды,
Сөзге ілескіш, сезімге мас күнімді.
Қайтарар ма, Ақсуым, сұрап барсам,
Жар басынан құлаған жастығымды?..
Құрмайды екен салтанат мәңгілік таң,
Ақсуға дос, шөліңді қандырып қал.
Естігендей боп тұрам, әжем дауысын,
Жарға барып соғылған жаңғырықтан!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жайдары Жетісудың атса таңы

  • 0
  • 0

Жайдары Жетісудың атса таңы,
Жер жарып Жетісудың жатса атағы.
Ол сенің шапағатың деп білемін,
Жез таңдай жырдың жүйрік ақсақалы!

Толық

Өтер уақыт, замандар

  • 0
  • 0

Өтер уақыт, замандар,
Ұмытылмас қимас ән.
Мен ғашық болған адамдар,
Орман болар, жинасам...

Толық

Саған жұмбақ жылағаным, күлгенім

  • 0
  • 0

Саған жұмбақ жылағаным, күлгенім,
Саған жұмбақ түндерім мен күндерім.
Көк аспанға келеді әлі көтеріп,
Ерік бермей ешкімге де бұл көңіл.

Толық

Қарап көріңіз