Өлең, жыр, ақындар

Ұлықбекке

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 397
Көзді алдап әшекейі жылтыраған,
Қия алмас жас дәуренді шіркін адам.
Өлеңнің ойнақ салып жайлауында,
Су ішкен інім едің бір тұмадан.
Жылдардың жапырағын жұлқылаған,
Заманның жел сапыраған құлқы жаман.
Ақ қаптал алпыс деген атқа міндің,
Тұяғы тасқа тисе сырқыраған.
Болсын деп ұлтым есен, жұртым аман,
Жаныңды түсінемін шырқыраған.
Анаңнан айналайын сені тапқан,
Жырыңнан жусан иісі бұрқыраған.
Ақын жоқ десем болмас сенен мықты,
Қай тұлпар көп тұғырды елең қыпты?
Үңілтіп тұнығына бала күннен,
Ұқтырған Ертіс – анаң тереңдікті.
Қаныңа сіңіргенсің тау мінезін,
Алтайсың сөйлеп кетсең жалғыз өзің.
Даланың дархандығы жүрегіңде,
Данаға айналатын келді кезің.
Көрсең де сан қызықты серілікпен,
Көрмедің жеңіл тартып желігіп сен.
Асулар алдыңда әлі асқақтаған,
Ғасырлар алдыңда әлі сені күткен.
Тәңірдің бергеніне қуанасың,
Біреудің жеген жоқсың сыбағасын.
Өзіңнен үлкендерге Ұлқашсың да,
Өзіңнен кішілерге Ұлы­ағасың!
Жаманға жақын кел деп кім жалынсын,
Жақсының барлығына шын бауырсың.
Өлеңнен өн бойыңды құя салған,
Еліңнің тілегіне туған ұлсың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Асауым, желікпегін...

  • 0
  • 0

Оу, жылдар, желікпегін, желікпегін,
Көңілді өмірге іңкәр жерітпегін.
Барасың қайда, қайда құйындатып,
Қосарлап қос күреңді жегіп пе едің?

Толық

Өзімен өзі қайғылы

  • 0
  • 0

Қанаты сынған көбелек,
Отырсың әрең қалтылдап.
Жүруші ең көкте әуелеп,
Танадай болып жалтылдап.

Толық

Күнге қарай ұшыңдар

  • 0
  • 0

Үшеуің иесі боп үш кеменің,
Үш жаққа тартасыңдар, үш бөбегім.
Қайсысың қай қиырда жүресіңдер –
Көз жетпес ұшығына ештеңенің.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер