Өлең, жыр, ақындар

Күнге қарай ұшыңдар

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 445
Үшеуің иесі боп үш кеменің,
Үш жаққа тартасыңдар, үш бөбегім.
Қайсысың қай қиырда жүресіңдер –
Көз жетпес ұшығына ештеңенің.
Үшеуің үш бағытқа кетесіңдер,
Тау кезіп,
Теңіз кешіп өтесіңдер.
Мақсатқа бәрің бірдей ұмтылғанмен,
Бірің кеш, бірің ерте жетесіңдер.
Шалдығып шаршауменен жетесіңдер,
Жете алмас жете алмаса –
Жетесіздер.
Шетіңнен қиындықтың көкесін көр,
Демеңдер: «Барар жолдың төтесін бер!»
Бұралаң өмір-соқпақ кедір-бұдыр,
Ешкімге берілмеген жеңіл ғұмыр.
Тәтті арман – заңғардағы бір жақпар тас,
Мүмкін ол тереңдегі шөгінді бір.
Үміттің орта жолда жүгі ауырлар,
Тастамай теңін өрге шығарыңдар.
Адасып қап жүрмеңдер тек әйтеуір,
Қияда
Шындық деген бір ауыл бар.
Қалыңдар сол ауылдың тұрғыны боп,
Жақсыға қуғыны жоқ,
Сүргіні жоқ.
Жастыққа әлім құрып жантайғанда,
Көшіріп аларсыңдар бір күні кеп.
Ұшыңдар күнге қарай, жарықтарым!
Жұмбақ қой қайсың қанша шарықтарың.
Болыңдар мейлің жерде,
Мейлің көкте,
Арт жақта ұмытпаңдар халық барын!..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Естимісің, ескі досым?..

  • 0
  • 0

Естимісің, ескі досым, оянбайтын ұйқыдағы,
Ызыңдайды құлағыма тіршіліктің сиқыр әні.
Бетпердесі белгісіздеу бұғып жатқан келер күндер,
Кім біледі, қандай күйде көрсетеді сиқын әлі?

Толық

Ақ тілек

  • 0
  • 0

Мен тағы алға жылжыдым,
Кел тағы, Жаңа бір жылым!
Тәуелсіз елмін Ту алған,
Қолымда тізгін­-шылбырым!

Толық

Досқа хат

  • 0
  • 0

Зулайды, зымырайды мына күндер,
Кідірте алар дейсің, сірә, кімдер?
Осынау кең дүниеден әр пендеге
Түбінде бұйырары – бір адым жер.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер