Өлең, жыр, ақындар

Балама сыр

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 492
I
Бiлмеймiн мен – кiм болады есiмiң,
Қашан өмiр ашар саған есiгiн?
Бiрте-бiрте әкелiкке жақындап,
Терiп келем талайымның несiбiн.
Бiр күнiмнiң қызығы асып бiр күннен,
Шақтарым көп босқа жүрiп, құр күлген.
Сен түгiлi, саған шеше болатын,
Жанға әлi кездесе алмай жүрмiн мен.
Қадам сайын мына өмiрдi танып мен,
Алға бастым жөн деп тапқан бағытпен.
Саған Ана болар жанның есiмi,
Жазылды екен маңдайға қай әрiппен?
Бақыт ала келетiндей таң маған,
Әр күнiме тәттi үмiт арнағам.
Кездестiре алмай жүрiп Анаңды,
Сен жайлы да ойлап қоям, жан балам...
Әзiрше тек қағазға айттым бар сырды,
Әр ұзақ түн жанарыма тамшы iлдi.
Саған Ана болатын сол адамда,
Мендегi жоқ қасиеттер бар сынды.
Қиялыма арманымды тең бөлеп,
Ойлар баста отырады төрге кеп.
Сырт адамға арқаланып қоямын –
«Жұбым жолда, бала деген белде» деп.
Өмiрiмде сыры өзгеше жай ма бұл,
Алыстаса ажарланар айда нұр.
Сонша ұзақ күттiргенi несi екен,
Айтшы, балам, әлгi шешең қайда жүр?..

II
Жасырып қайтем өзгеден,
Өзiм де бiлем, жасықпын.
Кезiнде бiлiп-сезбеген,
Армандар қалай қашық тым?
Мен ұл боп келдiм әкеге,
«Жалғасым» деп ол қуанған.
Өмiрiмнiң жүгiн көтере,
Өткiзер сынын құп алғам.
Әкемнiң бөлек жолынан,
Бағыма тағдыр жазылды –
Қуанышы да молынан,
Ой-шұқыры да көп қазулы.
Сәл уақыт салып араға,
Сағыныш болып қарайтын,
Менiң де ұлым болады, ә,
Менi еш қайталамайтын.
Маған сен, ұлым, ұқсама,
Алдыңнан арай таң күлсiн.
Тәнiмдi жарып шықсаң да,
Талайы бөлек тағдырсың.
Келесiң болып бiр Адам,
Жанымның шоғын мың үрлеп.
Қазiрден саған сұранам,
«Жұқпасын жасықтығым» деп.
Жөн ерек жол да тапқаның,
Соқпақтар iзде арайлы.
Әкеңнiң өткен шақтарын,
Түсiне бiлсең...
жарайды...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиырма бес

  • 0
  • 0

Жиырма бес – дариға-жас менен де өттi,
Жастық шақ алаңдатты, елеңдеттi.
Қуаныш сыйлап менiң бойыма шақ,
Маған лайық мұң болып өлеңдеттi.

Толық

Естiлiп қыстың зар әнi

  • 0
  • 0

Естiлiп қыстың зар әнi,
Төбеден билеп жауар қар.
Бүрiсiп кетiп барады,
Жағасы патша жарандар.

Толық

Әркімге ыстық өзінің шеккен мұңы

  • 0
  • 0

Әркімге ыстық өзінің шеккен мұңы,
Тағдырының қаталдық, өктемдігі.
Жанталасып, жарыққа ұмтылғанмен,
Мына өмірдің қызығы беп-белгілі.

Толық

Қарап көріңіз