Өлең, жыр, ақындар

Бірінші суайт (І)

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 53
Жүктедім де кенені,
Қуып жеттім кемені.
Желден желкен жасадым,
Діңгек қылып шегені.

Пілге тіккен етікті,
Маса киіп кетіпті.
Жаяу жүріп сан жылдар
Күн бетіне жетіпті.

Әлі есімде бір кеште,
Жұрт сыйлады гүл десте.
Өйткені ау сап шыққа мен
Балық алдым мың бөшке.

Тырмамен шаш тарадым,
Шөлдеп күнді жаладым.
Жыртығына жейдемнің
Қызыл кірпіш қаладым.
Дән ішінде көсілдім,
Бұлтты үйіме көшірдім.
Шөлейт жерге су шашып,
Шілдеде қар өсірдім.

Апыл-ғұпыл асыға,
Тигізбестен шашыма,
Киіз үйді телпек қып,
Киіп алдым басыма.

Есімде жоқ, бір күні,
Іс істедім күлкілі.
Пайдаландым сасқанда
Щетка орнына кірпіні.

Көзін ойлап пайданың,
Шолпан бетін жайладым.
Кіндігімді бірақ та,
Жерге мықтап байладым.

Шөп, жемімді сайладым,
Сауынға шіл байладым.
Қаймағына сүтінің
Пышағымды қайрадым.

Таптым-дағы тасаны,
Бір күрделі іс жасадым.
Нан табаға ай сыймай
Шетін үш күн қашадым.

Өз жанымды қинадым,
Көп микроб жинадым.
Зорға өлшедім сызғышпен
Шіркіндердің сирағын.

Жүгендедім інгенді,
Қосақтадым бүргемді.
Екеуіне тіркедім
Мұрындықтап пілдерді.

Жүнін қырқып жайынның,
Малша жайып қайырдым.
Мұзды салып қайнатып,
Судан торта айырдым.

Көрдім кеше соны бұлт,
Сусын қылды оны жұрт.
Үсті-басым шаң болды
Тұнық көлге шомылып.

Тамашалап қорықты,
Жұрттың бәрі көріпті.
Бір таскене қан ғой деп
Шар ауасын сорыпты.

Домбырамның құлағын
Бұрады да лағым,
Айтып берді шетелдің
Әсем сазды мың әнін.

Жасадым да ұйғарым,
Тазаладым үй маңын.
Тауықтардың іздерін
Бір дорбаға жинадым.

Мерекеде мал билеп,
Әсем әнге салды үйрек.
Мен балмұздақ жасадым
Күнге қосып қарды илеп.

Естіп ескі аңызды,
Іс жасадым маңызды.
Шелек-шелек сүт алдым,
Саудым да көк сәбізді.

Тілін алып сиырдың,
Суды ұршықпен иірдім.
«Шекпен тоқы осыдан!»-
Деп өзіме бұйырдым.

Өркештерін нарымның,
Санай алмай жаңылдым.
Сондықтан да амалсыз
Компьютерге бағындым.

Қадау үшін түймемді,
Пайдаландым сүйменді.
Алпыс құлаш арқанмен
Сабақтадым инемді.

Балта, күрек, қайламен
Жерден жол сап айға мен.
Бір отар қой айдадым,
Тікұшақпен жайменен.

Қар бетіне бор жақтым,
Кең далаға тон жаптым.
Дәптер парақтарына
Темір тұтқа орнаттым.

Орын беріп төсімнен,
Көптен баптап өсірген,
Тасбақаның үстіне
Дойбы ойнадым досыммен.

Бұлтты жегіп сиырға
Сапар шектім қиырға.
Жолым болып қайтарда
Мініп келдім құйынға.

Көл бетімен жүгірдім,
Жолда шөлдеп кідірдім.
Бір тостақан ауаны
Асықпастан сімірдім.

Таң нұрына жуындым,
Буды тұздап қуырдым.
Сосын кемпірқосақты
Белбеу қылып буындым.

Сілкіп едім жас талды,
Сылбыр жаңбыр басталды.
Кемпірқосақ түнде де
Нұрландырды аспанды.

Күшті желден таң ықты,
Мұхит түбі шаңытты.
Ал, мен үйде отырып,
Тағаладым балықты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір әріптің кесірі

  • 0
  • 0

Үй маңынан шеткері
Тұрған берік байлауда
Бесті атымды ерттедім,
Бармақшы боп жайлауға.

Толық

Қазақша ет - бесбармақ

  • 0
  • 3

Құдаңа тарт мал басын,
Жездеңе қой төсті арнап.
Қарттарға бер жамбасын,
Пісті, міне, бесбармақ.

Толық

Қуырдақ

  • 0
  • 0

Ақын біткен жырлаған,
Өтті наурыз жуырда-ақ.
Мал сойғанбыз, жүр, балам,
Қуырамын қуырдақ.

Толық

Қарап көріңіз