Өлең, жыр, ақындар

Түгел еді, дүнием түгел еді

  • admin
  • 03.01.2024
  • 0
  • 0
  • 84
Түгел еді, дүнием түгел еді,
Түгел ғой деп әкем де күлер еді.
Түн ұйқысын төрт бөліп жыл он екі ай,
Түгендеуге жоғымды жүрер еді.
Жүрер еді, белгісіз жүдер еді.
«Дүние-ай, деп қайтейін мірісі кем»,
Опық жейтін күн сайын бір ісінен.
Сөйте тұра кигізді былғары етік,
Өзі басып шоқайын сірісінен.
«Жасықтықты жаныңа жарақ етпе,
Аралас, – деп, – ат мінгін ана көпке»,
Алып кепті костюм-сым, жібек көйлек,
Киіп жүріп жүн шекпен жалаң етке.
«Сен кетілсең – менің де кетілгенім,
Сен жетілсең – менің де жетілгенім.
Үмітімді, үмітім, өшірмегін,
Ұзақ жолдың мен күңгірт кешіндемін.
Керуеннің алғы сап көшіндемін, –
Дейтін еді – көрсе екен елім-жұртым,
Жаман шалдың қандай ұл өсіргенін».
Сүйткен әке сенімі өтелді ме,
Өтелді деп айту да бекер мүлде.
Жел айдаған қайықтай желік қуып,
Айырмадым у мен бал, шекерді де.
Дерсің, бәлкім, парызы өтелді ме,
Өтелді деу тағы да бекер мүлде.
Ол мен үшін көтерген ауырлықтың,
Мен ол үшін жарымын көтердім бе?!
Енді, міне, өртінен өкініштің,
Өзегімді күйдіре көсеп іштім.
Әке орнына әке боп бұл күндері,
Бәрі қалды шіренген көсілістің.
Өттің, әке, өмірден алаңдаумен,
Жүргендей-ақ айқасып балаң жаумен.
Көңіліңнен шықтым ба, шықпадым ба,
Алдымдағы биікті алам деумен?!
Басқа түсті, көз жетті, енді міне,
Дүниенің мірісі кемдігіне.
Серілік те, желік те желге ұшты,
Жібек шашақ байлатқан белдігіме.
Немереңнің жоқтарын түгендеуде,
Кенде емеспін шаршаудан, жүдеуден де.
Мұрша болмай жүреді кей кездерде,
Сырласуға оңаша біреумен де.
Рас екен дүние мірісі кем,
Күнде көңілім қалады бір ісімнен.
Балам болса бөрігін аспанға атып,
Ойламайды жүр-ау деп кім үшін мен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәмбі тал

  • 0
  • 0

Тамырлап тақыр шөлге өніп,
Желегін жайып желге өріп,
Жапанда жалғыз сәмбі тал,
Сыңсиды баяу тербеліп.

Толық

Күннен-күнге барамын ба бөтенденіп

  • 0
  • 0

Күннен-күнге барамын ба бөтенденіп,
Сыр бердің, сылқым өмір, секемденіп.
Өзіңді өліп-өшіп сүйгендіктен,
Деуші едім «құшағыңда кетем бе еріп?»

Толық

Туған жер, еркелетші құлыныңды

  • 0
  • 0

Туған жер, еркелетші құлыныңды,
Сіміртші мөлдіріңді, тұнығыңды.
Қолдай гөр қайда жүрсем, қасиеттім,
Бір көзден қалған тұяқ, сынығыңды.

Толық

Қарап көріңіз