Өлең, жыр, ақындар

Өмір?

  • 15.09.2022
  • 0
  • 0
  • 965
– Уақытқа, айтыңыз, құлмыз ба, аға? –
десе қайтем бүгінгі ұл-қыз маған?
Итшілеткен тірлік-ай, көршіңнен де
хал сұрауға мойныңды бұрғызбаған!

Көз алдыңнан кім өтіп, кім өтпейді,
бәрін – жылдым уақыт реттейді.
Пұлын бұлдап ұл кетер.
Ештеңе етпес.
Түрін бұлдап қыз кетер.
Түк етпейді.

«Асықпаймын» – деп ойсыз бөспек бекер.
Құр сайранмен самайға көшпек пе тер?..
Бүгін маған әлдекім таныс болып,
ертең сол бір танысым дос боп кетер.

Асығамыз,
Аспан – көк, Дала – сары...
Әлдеқайдан боздайды бота-сарын.
Кешегіні ұмытып та үлгермедік,
кім біледі келешек не тосарын?

Ойда жоқта ит-тірлік қанаттанып,..
самсап шығар қарсы алдан қонақтарым!..
Өтірік боп та ойсызға «оқылармыз»,
өсектердің алдында сан ақталып.

Уақыттың табылмай дауасы бір,
Тағы бір күн аунатар қарашығын.
Өмір деген өзгере берер әлі,
өзгермейтін – біздегі сол асығу!

Асығамыз!
Көңіл – ақ, жол – қап-қара...
Мұрша болмай алдыға жөндеп қарар,
сорымыздан әлдекім бақыт тауып,
бағымыздан әлдекім сорлап қалар.

Ашыққанда – әдейі ән салармыз.
Тойынғанда – әдейі томсарармыз.
Бір үмітті өлтіріп өкінішпен,
бір үмітке Өлөңмен дем салармыз.

Кітап оқып тауысармыз қалың-қалың.
Құмырсқаның Құдайға жалынғанын
біле алмаймыз.
Түкті де біле алмаймыз.
Білеміз тек өмірде өлім барын...

Бәрі солай тез өтіп, тез бітеді:
шырқалып ән, айтылып сөз бітеді.
Жамандықтан жанымыз күйер талай,
сол күйіктер орнына көз бітеді.

Болды деген сәтіңде жігер
үстем, есік қағып тұрар-ау реніш те.
Досың барда – қасың бар: күреңітіп
Күн тұтылған бір әлем жүрер іште...

Үндемейді уақыт, дымы – ішінде.
Сонда менің тірлігім кім үшін де...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Өткеретін өмірің – көрер түсің,
жорылмайды көзіңнің тірісінде.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Олар дым

  • 0
  • 0

Өзім де елге көптен бері көсемсуді
доғардым. Сен туралы Оймен ғана
өлшенеді әр адым. Кемпірқосақ-үмітімді
жүрегіме орадым. Құштар еттің...

Толық

Уға айналған көз майы

  • 0
  • 0

Шуыл құрап қалың ши, ызың құрап,
жолға шықтым іңірде қызылқұлақ.
Дауылдатқан дәл осы күн секілді.
өзімнің де келеді бұзылғым-ақ!

Толық

Мен өзімді іштегі шермен езем

  • 0
  • 0

Мен өзімді іштегі шермен езем.
Ой-арманы жоқ адам, ол да – бәрібір –
орманынан айырылып өлген өзен!
Талай төніп санама мұнар-сұрақ,

Толық

Қарап көріңіз