Өлең, жыр, ақындар

Арыстан мен сары масалар

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1030
Нашарға күлмеңіздер күші жоқ деп,
Кемдікке қалдырмаңыз не қылады деп,
Жиылып өңшең жаман кейбір жерде,
Алатын сыбағасын басып көптеп.
Іс етпе күшке сеніп, болсаң мықты,
Кінә қып жоқ нәрсені барлы жоқты,
Аң патшасы кәдуілгі арыстанды,
Тыңдаңыз сары масалар не қылыпты.
Естіген кеңесімді етемін паш,
Жалған сөз, қалып етпедің, бәрі де рас.
Қалайша соқтыққанын білмеймін мең
Арыстан сары масалар болыпты қас.
Келмейді қате болса-ақ сөз ажары,
Әжімнің өз алдына болар пары,
Қиылып сары масалар шуылдасып,
Арыстанмен соғысқа шықты бәрі.
Қымтырылып қара құрттай үстін басып,
Арыс тапты ыза қылды тиіп-қашып.
Таңдап келген дұшпан не тыңдайды,
Арылдық, жамандықтан тимес пайда.
Зар илеп көңілімменен тілеймін мең
Я алла, кез келтірме осындайды.
Батырды тұс-тұсынан алды қамап,
Аяқ-қол, көзі-басын бірдей шағып,
Не қыласын күшпен жеңер дұшпан емес,
Жалғыз-ақ құйрығымен жатыр қағып.
Ыза боп жерді тырнап, топырақ шашып,
Масаға ұмтылады аузын ашып,
Ызылдасып өшіккен сайын үсті-үстіне
Мақлұқ қара бұлттай кетті басып.
Құлына жәрдемші бол өзің құда,
Айтарлық үлкен соғыс болды бұ да.
Батырдың жұлқынумен кетті күші,
Қан болып аузы-басы қызыл ала.
Арыстан болмаған соң өкіреді,
Ағаш тас жаңғырып, жер сілкінеді,
Қолына түскен нәрсені талқан қылып,
Ыза боп жан-жағына секіреді.
Аң біткен маңындағы кетті қашып,
Дауысын естіген соң қорқып, сасып.
Пәледен ақырында құтылды әрең,
Кемітіп ғазиз басын татуласып.
Бір алла пендесіне береді бақ,
Құлына зияны жоқ болады жақ,
Жеңдік деп аң патшасы арыстанды,
Масалар жаз бойына жүрді ызылдап.
Мысалы ғибрат үшін тәржіманың
Адамзат пайдаланса мұны тыңдап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жетім

  • 0
  • 0

Күн батып кеш болған соң жұлдыз шықты.
Далада сықырлаған аяз мықты.
Бір жетім жол үстінде келе жатып,
Қалтырап тоңды байғұс, қайғы мықты.

Толық

Шал менен өлім

  • 0
  • 0

Сорлы шал қара қасқа деген жарлы,
Көрмеген өмірінде бір де малды,
Қақтығысып бір-біріне тілерсегі,
Қысты күн отын ала ағаш барды.

Толық

Қасқыр менен мысық

  • 0
  • 0

Аңшылар аңға шықты мылтық алып,
Иттерін жүйрік-жүйрік ертіп алып,
Ішінде қалың тоғай ұйықтап жатқан,
Бір қасқыр қаша берді тұра салып.

Толық

Қарап көріңіз