Өлең, жыр, ақындар

Зергер

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 531
Алқа жатыр алдымда,
бiр ысытып,
бiр маздатып тондырған –
сенбейтұғын адам соқты дегенге
алқа жатыр алдымда.
Жатыр онда –
кемеңгерлiк, кемелдiк,
жатыр онда –
түпсiз шыңырау, тереңдiк.
Жатыр онда –
бiз бiлмейтiн ақындық,
жатыр онда –
бiз бiлмейтiн шеберлiк.
Осы болар шеберлiкке шежiрем.
Қараймын да құдiреттi сезiнем.
Жасаған деп бiлем мұны сол зергер
табиғаттың,
табиғаттың өзiнен.
Сол бiр зергер
қиын болған дәуренi –
жасаған ғой мына ғажап еңбегiн
жапырақтың арасынан төгiлген
ұзын-ұзын сымдарынан сәуленiң.
Жатыр онда сиқыр сұлу тұнығым,
жатыр онда жұмбағы көп мың ұғым.
Сол бiр зергер алған екен көшiрiп
көбелектiң қанатының дiрiлiн.
Шеберлiгi жұртты есiнен тандырған
сол зергерiм көзiн қанша талдырған
алқаға ендi жапырақтың ұшында
мөлтiлдеген шықты әкелiп қондырған.
Көтеретiн шеберлiктiң туы ғып,
жатыр алқа көз жауын ап құбылып.
Шұғыланың қылдай нәзiк бiр талын
сол бiр зергер алса керек суырып.
Рух тапқан бояу менен реңнен
сол зергерiм керек кезде бiлем мен
қап-қараңғы қара түндей алмазға
жалт-жұлт еткен нұр сiңiрiп жiберген.
Көрген жанды тереңiне тартады.
Неткен нәзiк – қыз демiнiң бар табы.
Ақша бұлттың мамығымен зергерiм
сүртсе керек алқаны.
Қарадың да сен де, мiне, дiр еттiң,
жатыр онда үмiт оты тiлектiң...
Сол алқаны соқса керек зергерiм
үстiне сап лүпiлдеген жүректiң.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Даладағы ой

  • 0
  • 0

Құтылып күйбең тiрлiк, сан ойлардан,
тартасың қайдасың деп арай далам.
Машина екпiнiнен
жан бiткендей

Толық

Атылған арқар

  • 0
  • 0

Ай-күннiң аманында,
Ел бүтiн, жұрт тынышта,
Ақар-шақар таудың iшiнде,
Жақпар-жақпар

Толық

Мазасыз түн

  • 0
  • 0

Түн жарымы.
Ауыл отыр жазықта.
Жер сiлкiнiп,
жел жұлмалап қажытқан

Толық

Қарап көріңіз