Өлең, жыр, ақындар

Атылған арқар

  • 23.06.2022
  • 0
  • 0
  • 514
Ай-күннiң аманында,
Ел бүтiн, жұрт тынышта,
Ақар-шақар таудың iшiнде,
Жақпар-жақпар
Жартастың үстiнде —
Кеудесiн керiп
Шалқайып тұрған,
Талыстай танауымен
Қорқыратып иiс тартып,
Дүниенiң
Төрт бұрышын басқандай
Талтайып тұрған
Арқар атылды.
Тау қозғалды,
Көл толқыды,
Жел жылады, —
Дүние аһ ұрды.
Мұндай үкiмге
Не үшiн кесiлдi?
Биiктегi бұлттарды
Мүйiзiмен қозғап,
Шайқайтыны үшiн бе?
Сол бұлттар iшiндегi
Жасынның өзiн
Жасқап-жайқайтыны үшiн бе?
Өзiн-өзi
Бiр тастан бiр тасқа
Лақтыратыны үшiн бе?
Сол биiкте тұрып ап
Бәкене тiрлiктiң басына
Бұтын керiп
Шаптыратыны үшiн бе?
Шаң түгiлi,
Тозаң қонбайтын
Шүйгiндердiң өзiне
Тандап түсетiн;
Мөлдiр бұлақтардың өзiн
Талғап iшетiн —
Қайран арқар!
Жартас үстiн қанға бөктiрiп
Дара жатыр...
Қолдағы қаптары далақтаған,
Пышақтары жалақтаған
Қорқау қомағайлық —
Есi шығып,
Елiре ұмтылып —
Өлген арқарға
Бара жатыр...
Дүние деген осы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аяғы қырқылған кептер туралы жыр

  • 0
  • 0

Сол бір көріністі
Еске алсам
Күйреп қирағандай
Боламын тас-талқан:

Толық

Көшелер

  • 0
  • 0

Үстiне көкпеңбек
асфальт төсеген
өзендер сияқты
ағады көшелер.

Толық

Жақсы сөз

  • 0
  • 0

Мен бүгiн
Жанымды майдай ерiткен
Жақсы сөз естiдiм.
Сол сөзден

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар