Өлең, жыр, ақындар

О, Тарих!

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 537
О, Тарих! Сен бе едің атам менің,
Алыстан желеп-жебер батаң-демің.
Күлтегін бабам екен, сенің арқаң
Боп шықты ең тәттісі татар дәмнің.
Түседі еске небір ұмытылған,
Келеді айқындалып "Ұлы Тұлғам".
Ғасырлар қабат-қабат қатпарынан
Сес берді сыбыр-сыбыр сыры тұнған.
О, Тарих! Сен бе едің сағынышым,
Тегіңнің тектілігін сағын, ісін.
Жүрегім сыздап кетер ойлағанда,
Айрылған тарихтағы тағым үшін.
Жаны бар табиғатпен жалғас жатқан,
Бабамның тәні құрыш, алмас, қатқан.
Әлемге дөңгелекті жасап беріп.
Жер заңын, айналатын, алғаш тапқан.
О, Тарих! Сен бе едің мақтанышым,
Марқаям аталардың мақтап ісін.
Көзіме елестейді дулығалар,
Кіл батыр, кілең ерлер сапта, мүсін.
Жәнібек, Керей, Жәңгір, Қасым, Есім,
Тізімнің бір жүз томдық басы дерсің.
Жалаңтөс, Қабанбайлар — галерея,
Қазақтың үлгі тұтар жасы көрсін.
О, Тарих! Сен бе едің өкінішім,
Бірліктің бұзып бердің бекінісін.
Таласып дүние боққа, хан тағына,
Аға бар буындырған екі інісін.
Қысқарттың, Алтын Орда, ғұмырыңды,
Ақтабан, болдың қазақ шұбырынды.
Сол дауыл қайта соғар, сақтан, сақтан,
Бірлікпен бекітпесең тұғырыңды.
О, Тарих! Болсайшы сабақ маған,
Тартар ем сары алтыннан табақ саған.
Тілеймін өзіңнен тек елге бірлік,
Басыма бармақтай да бақ аңсаман.
Бес саусақ біріккенде күшке айналар,
Қамалын бірлік бұзар күш қайда бар.
Тарих сыйға тартқан егемендік,
Тағы да бірікпесең түске айналар.
О, Тарих! Кей-кейде қатыгезсің
Неге барлар жоқтарды басып, езсін?
Бір қатесін кешірмей бір патшаның,
Құл етесің ел-жұртын, қатыгез тым.
О, Тарих! Кей-кейде қатыгезсің.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір құдірет күтемін

  • 0
  • 0

Қарайламай қимас шақ кете бардың,
Әдеті ғой, өкініш, есебі аздың.
Әпкеңдеймін, міне енді, қапы қалып,
Неше рет жаңылып, неше жаздым.

Толық

Отпан тауы

  • 0
  • 0

Отпан тауы — "От Адамның" мекені
Әлімсақта болған екен деседі —
Ғұламалар табиғатпен тілдескен,
Дана шалдар, өтіп кеткен кешегі.

Толық

Жағымпазға

  • 0
  • 0

Көресің-ау өзіңді ақылдырақ,
Қамқорсисың, әрдайым, жақынсырап.
Сипамашы арқамнан, жек көремін,
Жүрген жоқпын мен сенен ақыл сұрап.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер