Өлең, жыр, ақындар

«Соқыр» Бақтыбай қарияның немересіне жыр-арнау

  • 31.12.2021
  • 0
  • 0
  • 372
(«Тағдырлар тоғысы – Жәйрем» жинағындағы өмірнаманы зерделеу)

БАҚТЫБАЙ АТАМ бір дәні
Түсірер еске құрманы -
Ғасырлап ұртта сақталған...
«Құрмада» жатыр жыр мәні!
Тірнектеп жиған ілімнің,
Алладан түскен гүлін мың
Теріп алуға келгенбіз
Діліммен соны ұғындым!
Өркені болып өмірдің,
Өркендей алсақ, біз жанып?
Келтір, деп бізді жаратса,
Келтіре алдық па, біз сәнін?
«Дүние, киім-кешек, пұл,
Тән-тұрмыс» деген есептің
Амалын дұрыс қолданып,
Шығарып жүрміз десек, кім
Дау айтар, тірлік қамымен
Босамай, қамыт-есектің
тартамыз жүгін, шаршаймыз...
Көкейде нені аңсаймыз?..
Көкейде жүр-ау көп аңсау,
Пендеміз оған самарқау.
Тірлікте тәнге бағынып,
Жабырқап жүр-ау ЖАН-АРҚАУ.
Жан арқауы – жыр екен,
Сол жырды бүгін түлетем.
Ниетпен адал сөз бастап,
Жайнатып жүзің гүл етем...
Жыр-гөзел шапан жабайын,
Иығыңа құрметпен...
Жан жылуын маздатып,
Үстіңнен тозсын, Мұсеке!
Күміс зер салған оқалы,
Иініш салған жоталы,
Өрнектеп ою бүктірген,
Қонып тұр, аға, бойыңа
Жүректен шыққан осы әнім.
Өнеріңе арнап, өзіңе
Сөз тердім маржан тірнектеп...
Жыр-түймелерін жүріңіз,
Ілтипатпенен ілгектеп.
Өмірдің мәні толғантар,
Адамзат сәні тұр азып:
Дәстүрдің жетіп тозығы,
көңілің қалар құлазып...
Күресін кезген ұлың жүр,
Қолжаулық болып қызың жүр,
Тәрбие-тексіз қылығы
Аузында жұрттың азық-жыр.
Үлбіретіп өсірген
Таптауда қалды гүлің, біл!
Табылар қандай уәжің,
Аталы сөз айт, сілкіндір!
«Қариясы жоқ елдің
Бейбастақ өсер ұрпағы»,
Дегенге ойлап отырсам,
Үлкендер жағы кінәлы?!.
Қария боп не көктетпек,
Ауызда дуа қалмаса?
Бойдағы сарқын қуатты,
Шашатын қайраң жер іздеп,
Қайқытұмсық шортандай
«Жігітсініп» зарласа...
Атада қандай қасиет,
Атадан қандай өсиет!
Барласаң, қазақ, ой барла,
Түйсігің болса – ойларға!!!
Қасиетті ата-мекенім,
Қадіріңе не етсем жетемін!
Желінін жердің емініп,
Байлығын сорған озбырдың
Қайтейін, ерік берілсе,
Жағасында қолым кетерін...
Жырымның басы Бақтыбай
Атаммен бастау алған-ды,
Тірегі болған ұрпақтың
СОЛ АТА көптің арманы!
Жүректен шыққан жыр-лағыл
Бақтыбай атам ұрпағы
МҰСЫЛМАНБЕК серіге –
Мұстафаұлына арналды!
Жетектеп зағип жанды сол,
Немере басты қадам нық.
Өмірге балғын Мұсылман
Көзімен ата қарайтын,
Шамшырақ жаны арайлы...
Алақанынан атаның
Бойына ыстық тамырмен
Құдырет-қуат тарайтын.
Көкірегі – атаның
Уызы тұнған ұлтының
Күмбірлеген сарай-тын.
Ат мінсе ата – тұлпардың
Жүгені болған немере,
Жаяулап шықса сапарға
Жанары емей, немене?
Көкірек нені қаласа
Қимылға – бала лайық,
Көңілінен шығатын
Сергек те дәйім шынайы.
...Құрманың дәнін ұртында
Әулие сақтап әкелген
Ілімнің бірі – уағыз
Мәртебе ерге әперген...
Тарата берші өмірге,
Жыр-сезім үлгі, шоң аға,
Лирика-лебіз жинағың
Қыран боп, кимес томаға!
Азырақ айтсам, өз сырым:
бүкпесі болмас жасырын,
Бақсының немересі едім,
Алақандағы асылы.
Атымды өзі қойыпты,
«Талшын» деп азан шақырып...
Тірліктің қиын белесін,
Демеуімен Алланың
Өтіп те келем сындардан
Бас иіп, кейде егесіп,
БІР ТАЛ ШЫН-ды, білесіз
Ұстану оңай емесін!
Сезімді біреу елес дер,
Сезімсіз өмір өрескел!
Бір тал шынның да сезімге
Бас иер кезін жырыммен
Сездіре алсам, демеп көр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Салмақ

  • 0
  • 0

Дарыса егер бойыңа
Мысқал түйір салмақтан,
Адамсың, сен, ендеше,
Мақтана алсаң, ал, мақтан!

Толық

Қызыл шатқал, қызыл шатқал...

  • 0
  • 0

Жан-жағың құз, қызыл шатқал,
Өрлеп кімдер жетіп еді?
Күнгей шатқал биігіңнен
Еңлік тере кетіп еді,

Толық

Наразылық

  • 0
  • 0

Бір жаңалық ашқанға ұқсайды бір ғалым,
Кереметін паш етіп тұр ырғалып.
Шығыс елі – Жапония тұрғыны
Темір бала ойлап тапты о, залым!

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер