Өлең, жыр, ақындар

Көшіп кеткен...

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 278
Ұстатпады-ау жалынан шіркін, арман,
Сейілмеді ау, бір тұман, бір тұманнан.
Ата анамның көрінген көзіндей бір,
Ағайымның өзі жоқ ..жұрты қалған.
Белес белес жел ескен даладағы,
Тіршілікпен тынымсыз жол ағады.
«Қарындасым» деп сүйер маңдайымнан,
Ауылымдай көруші ем сол ағаны.
Шаршады ма, кім білсін тосып көптен,
Орынына кетіпті өсіп көктем.
Жүрегіме инедей қадалған ай,
Ол бауырың деген сөз «көшіп кеткен».
Ақсуымның толқынын домбыра ғып,
Сұрағандай сүйінші жел қуанып.
Ауылыма жеткенде аңсап, талып,
Қайсы есікті қағамын, енді барып?
Көңілім күз... келемін кешіп көктем,
Көшкен жұртпен тербеліп бесік кеткен.
Қауын ұрлап, қуған, асық атып,
Өшіп кеткен іздерім, көшіп кеткен.
Қол алмады, сағынған бауырым кеп,
Туған жердің артады тауы міндет.
Ата анамның мәңгілік «ауылына»
Барып қайттым, «көшпейтін ауылым» - деп...
Жыр моншағын жылдарым тізбектеген,
Біздер жүрген кешегі із көктеген.
«Қорғансыздың» енді мен күнін көріп,
Ата-анамның зиратын іздеп келем...
Сезім селін жүр едім кешіп көптен,
Бір жұлдызым аққандай, өшіп көктен.
Ауылым жоқ... баратын бауырым жоқ,
Жұрты жатыр, қай жаққа көшіп кеткен?
Сезімге тұр сыңсыған мұң оралып,
Танымайды «жерлесін» мына «халық».
Шырамытам, көргендей қыз-жігітті,
Әкесінің есімін сұрап алып.
Аман болсын, тұяғы қалған шалдан,
Тағы кімді сұраймын жанған шамнан?
Бомба түскен сияқты кей үйлерге,
Терезесі, есігі аңғал-саңғал.
Айнала үнсіз... танадай құлаққа ұрған,
Уақыт бәрін жағаға лақтырған.
Үйіндіні «үйім» - деп орнын сипап,
Кім жұбатар? жанымды жылап тұрған?
Баладай боп, басымнан кешіп көктем,
Ауылымды айтушы ем бесік деп мен.
Арбасына арманның артып алып –
Көз алдымда дүние ай көшіп кеткен.
Болып тұрмын, қайтқан құс, тізбекке алаң,
Жеңешем жоқ, қарайтын «қыз» деп маған.
Төрден шыққан күнім деп, «төркінім» - деп,
Енді кімді сағынып іздеп барам?...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шымылдықты қою мақпал сырғып түн

  • 0
  • 0

Шымылдықты қою мақпал сырғып түн,
Қан жүгірді тамырына тірліктің.
Ояу едім, сол жарыққа бөленіп,
Атар таңнан әлдеқандай сыр күттім.

Толық

Айта алмаймын

  • 0
  • 0

Айта алмаймын,
алғанымды сұрама,
Ұрпағыма не қалады мұраға.
Ойлап тұрсам, о, жаралы жер-ана.

Толық

Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым

  • 0
  • 0

Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым,
Жас күнімді, мас күнімді баянды.
Жылағанмын бақытымды тонап түн,
Жылдарымды тоқтата алмай аяулы.

Толық

Қарап көріңіз