Өлең, жыр, ақындар

Жарысып жылдарменен

  • 03.10.2021
  • 0
  • 0
  • 290
(Қуанышбай Құрманғалиевке)

Аймағы ауылыңның ну қарағай,
Жамырап бой түзеген күнге қарай.
Өрмелеп қарағайға өскен ұлан,
Биікке тұра ала ма ту қадамай?!
Жүрегің жырға да бай, нұрға да бай,
Көңілің – ашық аспан тұнған арай.
Аумайсың баяғының билерінен,
Турасын кесіп айтқан бұрмаламай.
Жүреді қу тірлікте кім алыспай,
Кісіні тану қиын сыр алыспай.
Жақсының бәрімен дос бола білген,
Қазақта жеке­-дара Қуанышбай.
Жолдассыз, доссыз адам жарымайды,
Жалғызға қиындықтың бәрі қайғы.
Еске алып, егілесің, сағынасың
Оралхан, Ақселеуді, Кәрібайды.
Жалғанда жалт­-жұлт етіп көзді алдаған,
Сабазсың жер қозғалса қозғалмаған.
Қайтесің, тұрлауы жоқ тіршіліктің
Өксігі, өкініші аз болмаған.
Жарысып жылдарменен сырғақтаған,
Жүйткісін қолыңдағы жүрдек қалам.
Өмірдің ең бақыты сол ғой, аға,
Бағасы барған сайын қымбаттаған.
Ежелден асыл туған ерді аңсаған,
Атажұрт ақ батасын берген саған.
Халқыңа қаршадайдан қызмет етіп,
Көтердің көптің жүгін келген шамаң.
Марқайып алған сайын сенен үлгі,
Іздеген тауып келем керегімді.
Бөлініп­-жарылмайтын өзің барда,
Ұсақтап мына маған не көрінді?
Кісілік көкірегіңе салған ұя,
Секілді шалқып жатқан көл-дария.
Тарландай талай таудың тасын басқан,
Байқасам, сен шықпаған бар ма қия?
Жүйріктей бой жасырған қарапайым,
Аман жүр, жаны жайсаң ағатайым.
Тойыңды тоқсанда да бірге тойлап,
Жұртыңа жырдан шүлен таратайын.
Жалғанда үміт тәтті, арман ізгі,
Жеткізсін сол күндерге Алла бізді.
Жолыңды жалғастырсын келер ұрпақ,
Өшірмей ата-баба салған ізді!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрегім менің бұлқынды

  • 0
  • 0

Тәтті ғой өмір адамға,
Татпаған дәмнің бәрі – арман.
Жүрегім менің әманда
Бұлқыну үшін жаралған.

Толық

Жаңбыр әні

  • 0
  • 0

Сыйлар маған бақытын тағдыр әлі,
Көк аспаным жай атып, жаңғырады.
Жаңғырады –
Төгілер жаңбыр әні,

Толық

Өзімен өзі қайғылы

  • 0
  • 0

Қанаты сынған көбелек,
Отырсың әрең қалтылдап.
Жүруші ең көкте әуелеп,
Танадай болып жалтылдап.

Толық

Қарап көріңіз