Өлең, жыр, ақындар

Киік қуу

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 256
Жігерін оттай лаулатып,
Жігітті дала аңсатты.
Сары адыр белмен заулатып,
Сәскеде шықты салт атты.
Шулаған құстар айнала,
Шарықтап ұшты аспанға.
Түсіп ап жолға сайраған,
Торыға қамшы басқанда.
Жусанды дала өлең мен
Дүзгендер өскен тырбиып...
Алдағы асу белеңнен
Кездесе кетті бір киік.
Зымырап дала табанда,
Еріксіз жанар қаратқан.
Арғымақ па, әлде адам ба
Ағындап ұшып баратқан.
Қайнаған қыз-қыз қаны бар
Бөгет пе тау-тас жердегі.
Сынаптай аққан жануар,
Сүмектей болып терледі.
Ала шаң арттан ілесе,
Адырдан әрі асырды.
Біресе зулап,
Біресе
Саябыр тауып басылды.
Жартастар жатыр безеріп,
Тұрғандай күн де телміріп.
Қаталап, ерні кезеріп,
Ат жалын құшты ер жігіт.
Зорықты білем, киік те,
Көтерілмей өкшесі,
Шығандай алмай биікке,
Бұлтаңдай берді бөксесі.
Болдырып өзі-өзінен,
Бұрылып артқа алды да.
Жарқ еткен тана көзінен
Жалыныш оты жанды ма?!
Үздіріп әбден үмітін,
Құтқармай мүлде қыспақтан,
Қасқырдай әлгі жігітің
Қарғып бір сонда түсті аттан.
Бәкісін алды бөгелмей:
«Азығым болсын бірер ай».
«Қайтейін, көндім» дегендей,
Бүк түсіп жатыр құралай.
Бұзаудай болып байлаулы
Шыдамай жатыр шерменде.
Бәкінің жүзін қайраулы,
Тамаққа тақай бергенде.
Өшкендей болып арманы,
Бұлдырап кетті жан-жағы,
Батырлық қалып жайдағы,
Жігіттің дәті бармады.
Істеткен мұны салдық, ә,
Серілік және жарасып.
Атына мініп алды да,
Желдіріп кетті әрі асып.
Бұл жайды біліп құс түгел,
Қанатын қақты құлшынып.
...Мейірімді болса күштілер,
Мереке күнде тіршілік.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қабір басындағы сөз

  • 0
  • 0

Өмірдің сазға бөлеп сахнасын,
Келтірмей затына мін, атына сын.
Жалт етіп, алмас қылыш секілденіп,
Жалғаннан өте шықты Ғафу ақын.

Толық

Нұрқан көшесінде

  • 0
  • 0

Әуелден қанық едім осы есімге,
Сақталған жұрт жүрегі, дос есінде.
Кеудемді ашып тастап, желге беріп,
Нұрқанның жүріп келем көшесінде.

Толық

Әкені еске алу

  • 0
  • 0

Есіме түстің, жан көке,
Есіркеп, бәлкім, жүрмісің?!
Атырдым көзбен таңды ерте,
Кетпей-ақ қойды-ау бір мүсін.

Толық

Қарап көріңіз