Өлең, жыр, ақындар

Аллаға мадақ

  • 13.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1357
Бисмиллаһир рахманир-рахим!
Малынған пендең мен едім жүзі мұңға,
Күллі әлем бір өзіңнің құзырыңда.
Бір сенің дәргаһіңа жалбарынған,
Ғайып ерен –
Қырық шілтен, Қызырың да.
Пәктігің маған мәлім, даралығың,
Тұрасың ойыңда сен саналының,
Атыңды ауызға алып жалбарынсам,
Фәниден бақилыққа барады үнім.
Көктесін кеудемдегі бүршік ілім,
Жабыспай шаужайымнан қырсық ырым.
Я, Алла, қабылдай гөр тілегімді,
Арналды бір өзіңе құлшылығым.
Сен едің бар әлемді жаратқан да,
Күн нұрын жер бетіне таратқан да,
Тең ғой деп өлімменен ұйқы шіркін,
Қолыма құман алдым таң атқанда.
Дұғамен тазаруы хақ шырайым,
Бір сен деп зікір салсын жақсы, лайым.
Қолдасын машайықтар,
Ең әуелі
Өзіңе тағдырымды тапсырайын.
Қолдай гөр, Алла тағала, өзің мені,
Кеше гөр мәкүрікті сезімдегі,
Құлың ем құбылаға шарт жүгінген,
Қайғырдым құдіретіңді сезінгелі.
Пендемін, әр нәрсені ұнатармын,
Үмітпен өзімді-өзім жұбатармын.
Күнәдан жаралған соң адам болып,
Мен-дағы жерді басқан күнәһармын.
Жолыңа тоғыз атап, болып құрбан,
Ойымнан арылайын торықтырған.
Айтайын әруақтарға алғысымды,
Өлеңге себеп болып жолықтырған.
Әуелі бүтіндейін бүлінгенді,
Жалғайын ертеңгіге ілінгенді.
Өзің жар бол, таратып жеті теңге,
Бастайын мәңгі өмір – жырымды енді.
Мұхаммед пайғамбарға мадақ –
оған Алланың нұры жаусын!
Жалғандықтың шығарып бойдан барлығын,
Жолыңа түсті жайнамаз жайғандар бүгін.
Қонды мәңгі бақыт боп мұсылмандарға,
Әмірімен құдайдың пайғамбарлығың.
Үмбетіңнің көтеріп сан-алуан жүгін,
Бар нәрседен ақ нұрың жаралған бұрын.
Балқия сынды патшалар ғашық та болып,
Сиынып саған тазартқан харамнан ділін.
Бір құдайдың елшісі – Расул да өзің,
Ұлық та өзің, теңі жоқ шын асыл да өзің.
Жырымды оқып пенделер тәубеге келіп,
Хақ жолына біржола құласын сезім.
Тіледім тілек бүгінде кірлегенде адам,
Бұрын да мұндай сұмдықты білмегенде далам.
Нала да боп жатыр ма, кім білсін оны,
Тірлігінде дәретсіз жүрмеген бабам.
Жаныма жалын бере гөр, жолыма жарық,
Түсе жаздап ем шайтанның торына барып.
Биік те едің бәрінен пайғамбарлардың,
Күш-қуат берші, дұшпаным қорынар анық.
Дем берсін жанға ақырет күні бұл өлең,
Тілегім еді Ләйлатір түні тілеген.
Әулиелердің атасы – Қожа Ахмет жатқан,
Түркістандай өңірдің бір ұлы мен ем.
Шапағат табар жан едім нұрыңнан сенің,
Кетпесінші қыздан ар, ұлымнан сенім.
Бастайын бүгін адалдық, адамдық жайлы,
Ажырамасын мәңгілік жырымнан сөлім.
Төрт сахабаға мадақ –
оларға Алланың нұры жаусын!
Сахабаларға бір өлең,
Арнамаймын мен неге?
Бостандық, азат тілеген
Әбубәкір пендеге.
Кәпірді көктің жайы ұрған,
Бір құдай білер себебін.
Хақ, нахақты айырған,
Әзіреті Омар сен едің.
Өмірде мен де арнадым,
Шариаттан тапқан халық құт.
Хақ дінге берген бар малын,
Халифа Оспан, жарықтық.
Әзіреті Әлі – қаһарман,
Сендерден алып сабақты.
Қалдырма деп те батаңнан,
Өлеңмен жаздым мадақты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын

  • 0
  • 0

Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын,
Келмеді ме мен жайлы айтуға әлің.
Кібіртіктеп текемет түрін түртіп,
Көңіліңде қалықтап айтулы әнің.

Толық

Жазираға

  • 0
  • 0

Түсінемін, жан сырыңды түсінем,
Құтылмайсың Құдіреттің күшінен.
Оңашада көз жасыңды көлдетіп,
Бір жылы сөз күттің ылғи кісіден.

Толық

Бей-жай да болып, берекесі ұшып тірлігім

  • 0
  • 0

Бей-жай да болып, берекесі ұшып тірлігім,
Сөздерің сенің есімнен шықпай жүр бүгін.
Сол түні сенің мас болып жаттым жаныңда,
Тек өзің болып, тек өзің болып құлдығым.

Толық

Қарап көріңіз