Өлең, жыр, ақындар

Жазираға

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 365
Түсінемін, жан сырыңды түсінем,
Құтылмайсың Құдіреттің күшінен.
Оңашада көз жасыңды көлдетіп,
Бір жылы сөз күттің ылғи кісіден.
Топшысынан қайрылғанда қанатың,
Жұбатпады сені ғана дала, түн.
Ағайындар қайдан ғана ұғынсын,
Өз отының ошағында жанатын.
Әйел жаны жараланғыш, тым нәзік,
Әуре болдың айдаладан құм қазып.
Сені қалай жұбатамын деп тағы
Мен отырмын сәл ауырлау жыр жазып.
Лағындай елеңдеген еліктің,
Айналаға сән беруші ең, көріктім.
Сол бір түні сол жігітпен жолықтың,
Бар мейрімін аямай-ақ төгіп түн.
Есің шығып аяладың, аймалап,
Арманыңды үмітіңе байлап ап.
Бәрі бірақ өте шықты көктемдей,
Қане қызық, еліктірген қайда бақ!?
Зар жыладың көмек тілеп Алладан,
Одан бөлек үміт сенде қалмаған.
Ит тірлік-ай, барын сығып алды да,
Өлмес күнді өлмес күнге жалғаған.
Сені көріп менде, қарғам, жыладым,
Жұлынған соң мәпелеген құрағың.
Соңымыздан еріп едің елеңдеп,
Аңқау едің, бала көңіл шырағым.
Ел не демес, осы күні сыртыңнан,
Бәрі шығып кеткеннен соң ырқыңнан.
Соғып өтті тағдырыңда бір дауыл,
Ештеңе де қалдырмастан жұртыңнан.
Бірақ, қарғам, өмір алда, бақ алда,
Жазылады сыздай-сыздай жараң да.
Бақыт деген кейде ұшқан құстайын,
Қайта соғар өзі таза адамға.
Мөлдір тамшы кірпігіңнен құлатып,
Қалып едің сол жігітті ұнатып.
Алдап кетсе, амал қайсы, жаным-ау,
Күрсінбеші жүрегіңді жылатып.

20. 09. 2008 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жырылғандай аузымнан бұйырғаным

  • 0
  • 0

Жырылғандай аузымнан бұйырғаным,
Сырғақсиды алдымнан сиынғаным.
Екеу болдық, деп едім «құралармын»,
Жоқшылықтың таттым шын биыл дәмін.

Толық

Адамға сірә ұнамас ойдан

  • 0
  • 0

Адамға сірә ұнамас ойдан,
Егіліп ерте жыламашы, айнам.
Кеудеңнен ерке бұлақ аш, айнам,
Түсінбес жаннан тұра қаш, айнам.

Толық

Мынау әлем бір сәтке көз ілгенде

  • 0
  • 0

Мынау әлем бір сәтке көз ілгенде,
Оянды ма шөлдеген сезім менде.
Сабырсыздық санамды билеп алды,
Тынышынан айрылды сезім – көл де.

Толық

Қарап көріңіз