Өлең, жыр, ақындар

Сыр

  • 12.12.2020
  • 0
  • 0
  • 535
Сарғайған сағынышқа шарасызбын,
Сыздайды іш, сылып тастар жарасызбын.
Сазымен домбыраның шертемін сыр,
Сабына шағым өтпес санасыздың.
Жыртылған махаббаттың бейне жыры,
Елестер Сары-Арқаның кейде қыры.
Аңсамас жастық шағын пенде бар ма,
Кей кезде бірдің сыры – мыңның сыры.
Сөзді ұқпас дос-дұспанның кереңінде,
Зердемнің менің жауым тереңінде.
Алысып өмір-бақи өтемін мен,
Көз жетпес, жеңбеймін бе, жеңемін бе?!
Мен жырдың аштым бетін қырық жасымда,
Күндеді тете інім де, құрдасым да.
Олардан көп күйіндім, көп сүйіндім,
Болармын мұндасың да, сырласың да!
Ұйқысы қанып тұрған бейне тұлпар,
Жарыстың ұзағына көңілім іңкәр.
Олжасын, қызғанбайын, алсын жұртым,
Өзімнің пешенеме пейілім тар.
Сақтаған сансыз жылдар шарапқа ұқсас,
Өлеңім шала-шарпы етеді мас.
Мен қуансам, ән шырқап, шаттанарсың,
Мен мұңайсам, көзіңе іркілер жас!
Ақында өлім – екеу, өмір – жалқы,
Егізі қалса сыңар, білер халқы.
Тарихтың тіліп алған таспасындай,
Сорғалап, сонарлы із боп жатады арты.
Шалқыған қараңғыда айдай аян,
Мен Қозы-Көрпешпін де, өлең – Баян.
Қодардай қызғаншақта қанжар бар деп,
Мен қалай-махаббатта серттен таям?!
Баяным, мен болсам мерт,
сен өлмеші,
Жамылып қара шәлі көлеңдеші.
Үміттің жетім қалса балапаны,
Бүркіттің баласындай кемелденші!
Кеш бастадым өлеңді, бітірем кеш,
Өзіме де ұйқыдан кеш кірген ес.
Көп ширатып сырымды, аз түйемін,
Зерек болсаң көңілімнің түйінін шеш!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен мені ішіңнен түсінесің

  • 0
  • 0

Сен мені ішіңнен түсінесің,
Сыртыңнан тек түсінбеген боласың.
Жұрт көзінше бақаша ісінесің,
Үрген қарындай кейін соласың.

Толық

Тіл

  • 0
  • 0

Шындықты сүйіп өтпекке тіл жаралған,
Тіл шыққан соң тарауға тоғыз таралған.
Сырға берік – сөзге серік болмайды,
Сыр шертіп кет келгенінше шамаңнан!

Толық

Түз бұлағы

  • 0
  • 0

Сен мұңлысың басыңнан ел кеткенге,
Мен мұңлымын жырымды кемдеткенге.
Өжет ұлға тағдырдың тосқауылы –
Қайда жүрсем мен душар сеңді өткелге.

Толық

Қарап көріңіз