Өлең, жыр, ақындар

Сүйемін

  • 27.04.2020
  • 0
  • 0
  • 20069
Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр.
Тасбиқ санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол анамды сүйемін!

Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы,
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай,
Білгені – қазан-ошағы.
Жабайы ғана жарым бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол жарымды сүйемін!

Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол елімді сүйемін!

Сағымы сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы.
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол Арқамды сүйемін!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәлем хат

  • 0
  • 2

Сәлем сөзім алыстағы еліме,
Алыстағы ақ селеулі беліме.
Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым
Күнім бітіп, кіргенімше көріме.

Толық

Жел

  • 1
  • 5

Жел - тым тентек бір бала,
Жан сүйгені - cap дала,
Дамыл алмай жүгіред.
Ерні өтірік қыбырлап,

Толық

Өлеңнің ұйқасы

  • 1
  • 5

Талапсыз сорлы - «ойлаған»,
Ойға терең - «бойлаған»,
Есалаң, уға - «тоймаған»,
Қажып бір ойын - «қоймаған».

Толық

Қарап көріңіз