Өлең, жыр, ақындар

Көкектің келбеті

  • 25.08.2019
  • 0
  • 0
  • 890
Көкек Қарлығашқа келіп,
Жылы сәлем беріп,
Былай деді:
– Мейірлі,
Әрбір іске бейімді
Жаратқан ғой Құдай сені.
Адамды паналайсың,
Пейілін бағалайсың.
Қашан да сия аласың,
Үйіне ұя саласың.
Балапандап өркейесің,
Жыл сайын көркейесің.
Ал, менің түріме қара,
Күн емес күніме қара.
Кезкелген жерді шарлаймын,
Нені таңдаймын?
Іліккенін бойыма іле берем,
Сөйтіп жүре берем.
Сұрап алған сыйлығым –
Тотыдан құйрығым.
Айрықша айбарым –
Әтештен айдарым.
Сәл ғана қоңқайған
Тұмсығым Торғайдан.
Иыққа кептелген
Мойыным Кептерден.
Қарыштай алмаған
Қанатым Қарғадан.
Құйтырқы көздерім –
Көздері өзгенің.
Үкіден үнім де,
Құзғыннан жүнім де.
Тамағым бөлекше –
Сасыған өлексе.
Қарлығаш үн қатты:
– Түсіндім, қымбаттым.
Жұмыртқа табасың ба?
Балапан бағасың ба?
– Тапсам да жұмыртқа,
Өзім оны баспаймын.
Көмескі ымыртта
Басқа ұяға тастаймын.
– Сонда, қолыңнан келетін
Бағалар іс бар ма?
Өсіп-өнетін,
Ұқсап өзге құстарға?
– Өкпемді өшіріп,
Балапан өсіріп,
Несіне шатыламын?
Қарасаң сен ғой,
Аспан асты кең ғой.
Аралап атырабын,
Өз атымды шақырамын.
Қарлығаш деді:
– Ақымағым,
Қарап тұрсам тәніңе,
Өзгенікі бәрі де,
Ең аржағы әнің де.
Берер едім баспана,
Бірақ, сендей қасқаға
Болмас оның мәні де.
Ұяң да жоқ, панаң да,
Балапаның – балаң да
Бірге жүрген қасыңда.
Қаңғалақтап жүргенде,
Әлдеқандай бір жерде
Түсіп қалар басың да.
* * *
Ұшып-қонып секектер
Аз емес қой Көкектер.
Иә, бірақ, оларды
Кім санатқа есептер?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Темір күйеу

  • 0
  • 0

Төсекте керіліп жатып,
Тұруға ерініп жатып,
Ерінен ұялмады,
Келіншек қиялдады:

Толық

Өмірге бересің бар, аласың бар

  • 0
  • 0

Өмірге бересің бар, аласың бар,
Сол үшін талпыныңдар, таласыңдар.
Бәрі де уақытпан өлшенеді,
Пенделер, сағатпенен санасыңдар.

Толық

Тамаша

  • 0
  • 0

Ей, халайық, халайық,
Тамаша әнге салайық.
Ашық аспан аясында,
Қанатты бірге қағайық.

Толық

Қарап көріңіз