Өлең, жыр, ақындар

Жарма ауданының территориясындағы сұр суырдың экологиялық жағдайы

Жарма ауданының территориясындағы сұр суырдың экологиялық жағдайы.

Каирбекова Нургуль Кайыртаевна бастауыш сынып мұғалімі

Жарма ауданы , Қалбатау ауылы, «Георгиевка орта мектебі» КММ

Аңдатпа:  Бұл эсседе Жарма өңірінде азайып бара жатқан сұр суырды қорғау мәселелері қарастырылады.Жас ұрпаққа табиғатты қорғау ,экологиялық тәрбие беру жолдары айқындалады.

Мақсаты: Ауданның территориясында кездесетін сұр суырдың нақты мекенін анықтау, оған қамқорлық пен қорғауды жақсартуға үлес қосу.

Суырдың Қазақстан территориясында төрт түрі бар. Олар: Байбак, сұр суыр, ұзынқұйрықты суыр, мензбира суыры.

Суыр сүтқоректілер класының кеміргіштер тобына жатады.

Адамның табиғатқа ықпалының артуына байланысты сұр суырдың таралу аймағы тарылды, саны азайды. Карталарда белгіленген бұрынғы орындардан бірден кездестіру қиын. Сұр суыр антропогендік табиғат комплекстеріне үйлесе алмайды. Өте сақ, қорқақ жануар. Сұр суырдың үркіп інінен шықпай, жайылмай қоюы көбеюінің шектелуіне әкеліп соғады.

Бұрын, яғни осыдан 25-жылдай бұрын, сұр суыр табиғи жайылымның мейілінше толық игерілуіне байланысты қысым көрді. Ал қазіргі уақытта, яғни 21-ғасырдың басында табиғатты қорғаудың нашарлауынан зардап шегеді.Мысалы: аңшылықтан, өрттің жиі шығуынан, аудан территориясының ысырапты қолданылуынан.

 

Нарық жүйесінің келуіне байланысты суырдың терісі бас киім, ішік, күртеше жасауға қолданылса, еті мен майы емдік мақсатта қолданылады. Осындай желеулермен суыр табыс көзіне де айналып тұр.

Суырлардың бірлесіп сақтануда күзет жүйесі жақсы ұйымдастырылғанына қарамастан өте сенгіш және аңқау жануар. Мысалы, көзі үйренсе үй жануарларынан және атокөліктің дыбысынан көп үрке бермейді. Бірақ дүбір толассыз және тұрақты болса інінен шықпай қояды. Оның салдары суырдың салмақ қосуына, күшіктерін сүтпен жарытуына тікелей теріс әсер ететіні сөзсіз.

Аналық суырдың жылына бір рет қана күшіктейтінін және бір ұяда 2-6 күшік қана болатынын ескеруіміз керек.

Және бір ұяда 6-10 бас суыр болса олардың бір жұбы ғана өсім береді.

Яғни, сұр суырдың көбею жылдамдығы өте баяу жүреді.

Өріске тарылған суыр жаз бойы керекті салмақты жинай алмайды, Ал арық суырдың ұзақ ұйқыдан аман шығуы не ғайбыл.

Біз мектеп оқушыларымен осы жануардың мінезін іс-жүзінді зерттедік, бақылады. Нәтижесінде бұл жануардың үш жарым ай ғана белсенді өмір сүретінін анықтадық. Қалған уақытта қысқы ұйқыда болады.

 Сұр суыр Жарма ауданы территориясының шығыс және солтүстік бөлігінде мекендейді. Зерттеу, бақылау нәтижесінде тастап кеткен немесе жануарлары құрыған індерді көрдік. Індердің маңында шығарылып тасталған суырлардың сүйектерін көрдік. Бұл қартайған немесе әр түрлі ауруларға душар болған суырлардың сүйектері деп тұжырымдадық. Сұр суырдың індері су баспайтын тау беткейлерінде орналасқанын көрдік.

Бұрынғы мәліметтер бойынша жасалған картадағы территорияларынан сұр суыр солтүстік шығысқа қарай ығысқан. Дәлірек айтқанда Қалба жотасына ішкерілей енген.

Бұл аудан жолдардың түйісінде болғандықтан және жер игеру қарқынының өсуіне байланысты сұр суырдың жайылымы тарылған.

Суырлар елді мекендер маңайында және жолдарға  жақын жерлерге тұрақтамайтынын анықтадық.

Зеттеу барысында суырдың таулы жерді және салқынды жақсы көретінін байқадық. Суырдың тоны жылы, май қабаты қалың. Сондықтан бұл жануардың тауға ығысуын бүкіл Жер шары климатының жылуымен де байланыстыруға болады.

«Жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей құрғақшылықтың кейінгі жылдары  жиіленіп кетуіне байланысты өрт қауіпі де төніп тұрады.

Суырлардың миграциясы өте баяу жүреді. Жануарлардың бұл қасиеті де көбеюіне және таралуына теріс әсер етеді.

Бүгінгі күні ұсақ шаруашылықтардың шұрайлы тау беткейлерімен сайлары қоныстануы суырлардың мекенін жаулап алуы десе де болады.

Қорыта келгенде Жарма ауданы территориясындағы сұр суырдың экологиялық  жағдайы мүшкіл.

Атап айтқанда жануарлар антропогендік қысымға ұшыраған.

Біздің ұсынысымыз Жарма ауданы территориясында сұр суырдың жиі таралған аймағын тым болмаса қорықша деп жариялау.

Осымен қоса жануарларға санақ жүргізу ,суырға аңшылықты мүлдем тоқтату.

Әдебиеттер тізімі: 1. "Қазақ Энциклопедиясы"

2. «Сен білесің бе?» энциклопедиясы

3. «Тарихыңды тани  біл» Ө.Садуақасов.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз