Өлең, жыр, ақындар

Қарашаңырақтың 90 жылдығымен қатар келген мерейтой

(ҚР ҰҒА Академигі, т.ғ.д., профессор Б.Б. Кәрібаев туралы)

Биылғы жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды. Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орнының қалыптасуына, дамуына және көркеюіне ұстаздар, ғалымдар қазірге дейін үлкен үлес қосып келеді. Сондай ғалымның бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 1985-1990 жылдары білім алып, тарихшы мамандығы бойынша бітірген, бүгінде елімізге белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Орта ғасырлар тарихының, соның ішінде Қазақ хандығы тарихының білікті маманы, саналы ғұмырын тарих ғылымына арнаған Берекет Бақытжанұлы өзі оқып, тәмамдаған қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетінде ұстаздықты да қатар алып келе жатыр. Ал, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда.

Берекет ағай Тарих факультеті студенттеріне «XV-XVII ғғ. Қазақ хандығының тарихы бойынша жазба деректер», «Ортағасырлық Қазақстан тарихы» және тағы да басқа міндетті пәндерді және арнайы таңдау курстарын оқиды. Сол курстарды студенттік жылдарда бір де бір дәрісін қалдырмай ерекше қызығушылықпен біз де тыңдайтынбыз. Себебі, ағайдың дәрісті ерекше ынтамен оқуы, әрбір оқиғаны бүге-шегесіне дейін тәптіштеп түсіндіруі, сонымен қатар әрбір қазақ ханының шежіресін, өмірбаянын тарихи деректермен ешқандай қағазға қарамай баяндауын барлық студенттер жақсы көретін. Ағайдың осындай қасиеттері барлығымыздың бойымызда тарихшы болуға деген ынтамызды арттыра түсті.

Берекет Бақытжанұлы ортағасырлық Қазақстан тарихы, соның ішінде Қазақ хандығы тарихын зерттеуге көп үлес қосты. 2010 ж. «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Осыдан кейін «Қазақ хандығының құрылу тарихы» (2014 ж.), «Қазақ хандығының күшеюі (XV ғ. соңғы – XVI ғ. алғашқы ширектері)» (2015 ж.), Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғасырдың ортасы - XVIII ғасырдың басы) (2019 ж.) және тағы да басқа монографиялары жарық көреді. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан «Қазақ хандары», Қазақ хандары (қазақ хандары туралы қысқаша сипаттама) атты еңбектердің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, өз тарихын жан-жақты танып-білуіне үлкен септігін тигізуде.

Б.Б. Кәрібаевтың «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты сериясымен авторлық ұжыммен жарық көрген «Жалайыр», «Қаңлы», «Дулат», «Найман», «Арғын», Жетіру бірлестігіне кіретін және тағы да басқа ру-тайпалар туралы жазылған ғылыми еңбектерінен әрбір тайпаның шежіресін шұқшия отырып зерттегенін көреміз. Бұл аталған еңбектер қазақ ру-тайпаларының тарихын, соның ішінде әрбір тайпаның орта ғасырлар кезеңіндегі тарихи тұлғаларын, олардың ХХ ғ. басына дейінгі шежіресінің зерттелуінде маңызды болып табылады.

Берекет Бақытжанұлы өзінің көпжылдық табанды да қажырлы еңбегінің арқасында ғылымда көптеген жетістіктерге жетті. Жоғарыда аталған монографиялар мен ұжымдық монографиялармен қатар 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрген.

Өмірінің 30 жылдан астам уақытын өзі білім алған университетінде шәкірт тәрбиелеу мен тарих ғылымына арнаған Берекет Бақытжанұлына мол шығармашылық табыс, ғылымда алар асуларыңыз көп болсын деп тілейміз!

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD М.Д.Байдаулетова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз