Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Домбырасыз сән қайда

Бағзы заманнан өнерді мінсе ат, ұшса-қанат, кисе жанат, ішсе тамақ етіп, көңілдің ажары-ән дегенде ішкен асын жерге қойған думан сүйер халықпыз ғой. Ал, кеңпейіл қазақтың той-томалақ, мерекесі қос ішегінен құт-береке төгілген киелі домбырасыз әсте өткен емес. Әлдебіреу қос ішекті  пернелерімен үндестіріп, әу дей қалса, көпшіл қауым әгугәйімен жалғап, күмбірлей шыққан қоңыр сазы ұлан-асыр тойға ұласатын қоңыр домбыра қай заманда да қазақылықтың қаймағы болған асыл мұрамыз. Өлең сөздің хас шебері Ілияс Жансүгіров: 

Домбыра,  сенде мін барма?                             

Мінсіз болсаң тіл бар ма                                           

Тіл жоқ деуге бола ма                                         

Тілден анық үн барда                                         

Домбыраның күші мол                                     

Көмейінде күй барда, - деп жақұт

жырын арнаған  қастерлі домбыра халқымыздың қуанышын һәм қайғысын тілсіз-ақ түйсініп, сазды үнімен қуана да күңірене де алатын айнымас жан серігі. Өткен ғасырларда хан басына түскен қаралы хабарды өн бойынан төгілген құдіретті күйімен ұғындырып, көмейіне қорғасын құйдырған да теңдессіз құндылығымыз домбыра болатын. Қазақы жүректен жаралып, дархан даламыздың құдіретті үніне айналған асыл домбырасыз иісі қазақтың шаңырағында ән қайда, сән қайда? Қазақи мені әсемдеп тұратын төл аспабымыз өзінің ерекше жаратылысымен алты алашты әлемге таныта түскен бағалы құндылығымыз десек артық айтқандық емес. Бұған орыс тарихшысы А.Е.Алекторовтың: «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім»,-деген ақжарқын пікірі айқын дәлел. Осы тұста дана халқымыздың: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»,-деп бекер айтпағанын аңғарамыз. Елу жылда ел жаңа екеніне дау жоқ, ғасырлар алмасып, замана келбеті жаңашылдыққа бой ұруда. Алайда жаңа заман жауһар мұрамызды шетке ысырып жатқан жоқ па? Бүгінде төл құндылықтарымыздың алтын тәжі добыраның киелі сахнаға шығуы сиреп, арагідік көрмелерден ғана бой көрсетіп жүргені жасырын емес. Ақиық ақын, сал-серінің күш қуаты болған алтын домбырамызды қолына алып, әуезді әуенді төкпелететіндер саны азайып бара жатқандай. Дегенмен тұңғыш елбасымыздың бастамасымен 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні деп жарияланып, еліміз бір жасап қалды.  Жыл сайынғы дәстүрге айналған айтулы мерекенің рухани қазынамыздың мәртебесін жоғарылатуда үлесі мол болары анық. Дана болмысты дарабоз ақынымыз Жұмекен Нәжімеденов тұмар жырында төл аспабымызға деген сезімін:         

 Майысып қос шегіңнен күй өткенде,                 

Ой туар жүрек түгіл, сүйектенде.                     

Домбыра қайран менің, қайран менің,         

Ризамын сені маған сый еткенге,- деп білдірген екен.                                     

Атамқазақ иесін қаңғытса да, домбыра киесін таптатпаған.Жаратқанымыз алаштың ғана бағына бұйыртқан асыл мұрамыз – киелі домбыраны ата-бабамыздың аманатына қиянат етпей құрметтеу, мерейін асырып, үлгі ету ендігі кезекте біздің қасиетті парызымыз. Қазақтың қазақтығын танытатын сенсің –  күмбірлеген асыл домбыра. Төл мерекең құтты болсын!                       


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...