Эссе және өлең-жыр байқауы

Соғыс ашудың миға қонымсыз себептерінің бестігі

Кез келген соғыстың басталуына қандай да бір маңызды себебі болады, мысалы: ұзақ жылдарға созылған түсініспеушілік, аумақтық кінәраттар, билікке талас немесе экономикалық тұрақсыздық. Бірақ миға қонымсыз себептер де жоқ емес екен, мысалы, картоп алаңына кірген шошқа немесе ұрланған ағаш шелек, тіпті, шекарадан өтіп кеткен ит.

Мұнда соғысты трагикомедияға айналдырған ең жарқын және күлкілі эпизодтардың бестігін таба аласыз.

Ағаш шелек үшін болған соғыс

Соғыстың орын алуына себеп болғандардың арасындағы ақымақтық деңгейі бойынша бірінші орынды ағаш шелекке бергеніміз дұрыс болар. Елге кәдімгі емен шелекті қайтару үшін мыңдаған адамның жанын қиюына тура келген.

XIV ғасыр, Солтүстік Италия мемлекетіндегі екі көрші қала — Болонья және Модена — бір-бірімен қырғи-қабақ қарым-қатынаста өмір сүрді.  Болонья гвельфтардың партиясын қолдаса, Модена — олардың қас дұшпандары гибеллиндермен жақсы байланыста болатын. Бұл екі елдің арасы жақын, шамамен 50 шақырымды құрайтын, яғни, кез-келген уақытта жау әскері тап беріп, соғысты бастап кетуі мүмкін еді.  Және басталып кетті де, бірақ бұл қақтығыстың себебі тіпті күлкілі болды.
    
Бір нұсқа бойынша (ең күлкілісі) әлдебір жалдамалы кавалерист Болоньядан Моденаға қашып бара жатып, құдықтың басында тұрған ағаш шелекті қолына іле кеткен. Болонья Үкіметі бұл шелекті қайтаруды талап етті, себебі оны муниципалдық, яғни ортақ меншік деп есептеген.  

Соғысқа себеп болған шелек.

Ал басқа нұсқасы (сәл ақылға қонарлық) бірнеше кавалерист болғанын, ағаш шелектің бос емес, онда қарапайым болониялықтарды тонаумен тапқан құндылықтардың барын алға тартады. Қалай болғанда да, ренжіген тарап шелекті ғана қайтаруды сұрады. Себебі сол кезде жеке меншікке қол сұғу туралы ешкім де ойлаған жоқ, ал қаланың қоғамдық игілігін ұрлау — бұл асқан бассыздық болып есептелді.

Қақтығыс басталды. Дипломаттар келісе алмай, атқыш қаруларды қолдануға тура келді. Шешуші шайқаста 2000 сарбаз қаза тапты. Ақыры шелекке қол жеткізген Модена бұл соғыста жеңді. Бұл шелек әлі күнге дейін қалада жәдігер ретінде сақталып тұр. Тек  қарғыс атқан шелекті қайтарып алғаны болмаса бұл шағын мемлекет қазынасын басқа затпен толықтыра алмады.

Қорланған бәліштер үшін болған соғыс

Заманауи мексикалықтар әдетте ащы дәмді тағамдарды жақсы көреді деген стереотип бар. Ал XIX ғасырдың стереотипті мексикандықтары ащы дәмді тағамдарды жақсы көріп қана қоймай, тәтті тағамдардан түбегейлі бас тартқанмыс. Сондықтан болар, 1828 жылдағы көшедегі тәртіпсіздіктер кезінде, мексикалық офицерлер француз азаматының кондитерлік дүкенін тас-талқан еткен.

Бәліштер және торттарды аяқ есты етіп, дүкенде жанжал шығарған, жиһаздарды сындырып, ыдыс-аяқтарды қиратқан, ал шоколадтан жасалған фондюді тіпті айтуға ауыз бармастай етіп қорлаған. Француз өтемақы талап етті және өтініші жоғары инстанцияға — туған елінің патшасы Луи-Филипп I-ге дейін жетті. Патша өз кезегінде қарапайым кондитердің қайғысын тыңдап, зардап шеккен кондитерге 60 мың песо беруді талап етіп Мексикаға ультиматум жариялады. Бұл сома ол кездері қомақты қаражат еді.  

Сондай-ақ  мексикалықтар мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсінулері үшін, патша Мексиканың Франциядан алған барлық қарызын қайтарылуын талап етті. Алайда ультиматум жауапсыз қалды. Бұл патша Луи-Филипп I-нің ашуын тудырып, Мексикаға соғыс жариялады: оның флоты Веракрус портын бұғаттап, Сан-Хуан-де-Улуа бекінісін бомбалай бастады.

Мексикалықтар да қарап қалмастан, елде әскери жағдай енгізді. Сонымен қатар сол кезде өз алдына дербес мемлекет болып тұрған Техастың қолдауына қол жеткізуге тырысты. Алайда кедей мемлекеттің Франциядай алпауытпен күресуге шамасы жетпейтінін түсінген   Мексика, Франция тарапының талаптарын қабыл алып, ақыр соңында қарызын төлеуіне тура келді. О бастан–ақ бәліштерді таптамағанда мұның бірі де болмас еді.

Шошқа үшін болған соғыс

Нағыз алапат соғысқа айналып кете жазаған Британ-америкалық қақтығыс. Бұл қақтығысқа картоп егістігіне кірген шошқа себепкер болған.

Британия мен АҚШ-тың арасында 1846 жылдың 15 маусымы күні Тынық мұхиты жағалауларындағы мемлекеттердің шекарасын анықтайтын Орегон келісіміне қол қойылған болатын. Жоспар бойынша құжат жағдайды анықтауға септігін тигізіп, келеңсіздіктерден құтқаруға тиіс еді, бірақ бәрі керісінше болды. Себебі аймақ картасы дәл сызылмай, нәтижесінде екі мемлекет те Сан-Хуан аралдарын өз аумағы деп санады. Сондықтан мұнда британдық және америкалық колонистер жаппай қоныстана бастады. Әрі бір-бірін заңсыз иммигранттар деп есептеді.

1859 жылдың 15 маусымы, тура 13 жыл өткен соң, тарихтағы ең ақымақ қақтығыстардың бірі дәл осы жерде орын алды.

Бұл күні американдық фермер Лиман Катлэр өзінің жерінде жайбарақат жайылып жүрген үлкен қара шошқаны көрді, ол оның бау-бақшасын таптап, картопты жеп жатты. Бұл шошқаның оның бақшасына алғашқы келуі емес еді: бірінші мәрте Лиман оны қуып шыққан, содан кейін таяқпен айдап көрді, бірақ бұл жолы оның шыдамы сарқылып, үйдегі мылтығын алып шығып, қабанды атып тастады.

Сөйтсе бұл Чарльз Гриффин атты жергілікті ирландық азаматтың шошқасы екен. Екі шаруа екі бөлек мемлекеттің азаматтары болғаны мәселені тіпті ушықтырып жіберді. Қарапайым ауыл қақтығысы дау-жанжалға ұласып, екі шаруа да өз билігінің өкілдерінен көмек сұрай бастады.   Жоғарғы жақтағылар да бұл шошқа оқиғасына баса назар аударып, бірден көмек қолын созды.

Америкалықтар аралға төрт жүз сарбаз жіберді. Ал Британдықтар өз кезегінде қарап қалмады, бортында екі мың әскері бар бес кеме аттандырды. Британдық колонияның губернаторы контр-адмирал Роберт Бэйнеске егер америкалықтар аумақтан кетпесе, әскери іс-қимылдарды бастауына бұйрық берді. Алайда офицер басшылықтың бұл бұйрығына құлақ аспады, сонысымен елді соғыстан құтқарып қалды. АҚШ пен Британия сарбаздары күні бойы бір-бірін мазақтап, ашуларына тиюмен көңіл көтерді, бірақ бұйрықты қатаң сақтап бірінші болып оқ атпады.

 Сан-Хуан аралындағы британ әскерлері

Шошқа үшін болған қақтығыс жайлы Лондон мен Вашингтон естігенде, бірден бітімге келудің жолын іздестірді. Қақтығыстың алдын алу үшін араға Германия императоры Вильгельм I-нің басшылығымен бейтарап судьяларды тартты, олар аралдың АҚШ-тың пайдасына қалдырып,  доңыз дауын шешті.

Ит үшін болған соғыс

Осыған ұқсас, бірақ қайғылы аяқталған тағы бір оқиға 1925 жылы Грекия мен Болгария шекарасында орын алды. Бұл жолы себепкер шошқа емес, шекарадан асып өткен қаңғыбас ит еді.  

Сол кезде елдер арасындағы қарым-қатынас өте шиеленіске толы болды: бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар екі жақ үшін шайқасты, оған қоса әрқайсысында аумақтық келіспеушіліктер болған еді. Сонымен қатар, Болгария аумағында антигрекиялық партизандық топтар кең таралған болатын. Осындай топтардың бірі шекарадағы Петрич қаласы аумағындағы билікті басып алды. Бұл мемлекет ішіндегі мемлекет еді, шекаралық территорияны «ішкі македон революциялық ұйымы» басқарды. Қақтығыс дәл осы жерден басталды.

18 қазан күні грек шекарашыларының бірінің иті қашып, қырсыққанда шекарадан өтіп кеткен. Шекарашы итін іздеп шығып, дәл шекараның қиылысында Петричтік патрульдің оғына тап болған. Бұл жайды грек заставасының офицері біліп, мәселенің егжей-тегжейін анықтау үшін сол жерге барған. Бірақ офицер де сол жерде өлтірілген. Осы секілді басқа қақтығыстар да көп болған, бірақ екі тарап та әлі күнге дейін кінәні бір-бірінен ізеуді қоймады.

Грек әскері

Грекия қаза тапқандардың отбасылары үшін ресми кешірім мен өтемақы талап етті. Ал Болгария болса, өзіне берілген 48 сағат ішінде жауап бермеді, сондықтан грек әскерлері Петричтің маңына басып кірді. Шекара маңындағы бірнеше ауылдар, тіпті қаланың өзі соғыспен басып алынды. Бақытқа орай, бұл іске Ұлттар Лигасы араласып (БҰҰ-ның сол жылдардағы бейнесі), соғысты тоқтатты. Енді Грекия орын алған қолайсыздықтар үшін, сонымен қатар, қаза тапқан 50 жауынгер үшін өтемақы төлеуге міндетті болды.

Ал әлгі қаңғыбас ит сол күйі табылмаған екен.

Футбол соғысы

Тарихтағы ең келеңсіз қақтығыстардың бірі — Сальвадор мен Гондурас арасындағы «футбол соғысы» болған. Сол ойын кезде футбол матчындағы жеңіліс салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, ал екі ел ұзақ уақыт дағдарысқа түскен еді.

1970 жылы Сальвадор мен Гондурастың футбол құрамалары әлем чемпионатының финалына өтуге тырысты, сонымен қатар, спорт екі мемлекеттің ертедегі қарсыластықтарын одан бетер қыздыра түсті. Сальвадордың өз алаңындағы жеңісі жергілікті тұрғындардың алдымен гондурастықтарды жаппай ұрып-соғуына, содан кейін көршілеріне өте қисынсыз талаптарымен шабуыл жасауына күш берді.

Тікелей соғыс Сальвадорлық ұшақтардың көрші әуе кеңістігіне өтуінен басталып, екі елдің бір-бірінің инфрақұрылымдарын талқандап, жойған шайқаспен және көрші мемлекеттердің араласып, Сальвадорға  ешқашан ес жия алмайтындай экономикалық блокада жариялайтынын  ескертулерімен аяқталған болатын.

Айтпақшы, дәл осы «футбол соғысы» екінші дүниежүзілік дәуірдің ұшақтары белсенді пайдаланылған соңғы әскери жанжал болды. Бұл елдер өте бай емес еді, сондықтан басқа елдердің ескі ұшақтарын сатып алуына мәжбүр болды. Ал мұндай ұшақтарға отыруға басқа елдің ұшқыштарының жүректері дауаламағаны анық.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...