Өлең, жыр, ақындар

Табиғат жанашыры "Қызыл кітаптың" қазіргі ахуалы қандай?

 

     Қызыл кітап — халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітап” — халықаралық дәрежедегі құжаттарының бірі. Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан, айырықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркеледі. Жануарларды халықаралық дәрежеде қорғау мәселесі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алынды.
    Елімізде табиғатты қорғау – өте өзекті мәселенің бірі.  Қазақстанның Қызыл кітабында сирек және жойылып бара жатқан  жабайы омыртқалылардың 87 түрі және өсімдіктердің 303 түрі, сонымен қатар қазіргі таралуы, санының жай- күйі, биологиясы туралы мәліметтер келтірілген. Соңғы жүзжылдықта жер бетінде жан-жануар мен өсімдіктердің жойылуы қарқын алып барады. Жойылудың аз-ақ алдында тұрған аң және өсімдікті сақтап қалу, санын көбейту мемлекет пен ғылымның ғана емес, қоғамның да міндетіне айналды.  Ал өсiмдiктер мен жануарлар туралы толыққанды ақпарат беретін «Қызыл кітаптың» кезекті басылымы елімізде тежеуілдеп әлі қолданысқа шығарылмады. 
    «Қызыл кітап» – арнайы құқықтық мәртебесі бар құжат. Қазақстанның алғашқы «Қызыл кітабы» 1978 жылы шыққан. Ол Кеңес Одағының «Қызыл кітабынан» жарты жыл бұрын жарық көрген.  Оның шығарылуына жауапты Зоология институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы Роман Ященконың айтуынша, еліміздің «Қызыл кітабы» тек қана сирек және құрып бара жатқан аң мен өсімдік, жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды. Маманның айтуы бойынша: «Батыс Еуропа немесе басқа да елдермен салыстырғанда біздің «Қызыл кітаптың» айырмасы осында жатыр. Көптеген елде оны ғылыми институттар немесе қоғамдық ұйымдар шығара береді. Бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» заңдық мәртебесі бар, сондықтан оның жасақталуы мемлекеттің бақылауында. Яғни, Үкімет жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бекітеді. Соның негізінде әзірленген «Қызыл кітап» аң және өсімдік түрлері туралы толыққанды ақпаратты қамтиды. Онда аңның латынша, қазақша, орысша атауы, құрып кеткен немесе жойылып бара жатқан, қалпына келген түр бойынша мәртебесі көрсетіледі»  
    Елімізде томдық Қызыл кітап біраз жылдар бойы шықпай қалды.  «Қызыл кітаптың» шығуы неге кешеуілдеді? Зоология институты басшысының мәлімдеуінше, 2010 жылдан кейін «Қызыл кітапты» шығаруға еш әрекет жасалмаған.  Бұл мәселе қатысты Роман Ященко пікірін былай білдірді : «2018 жылы мен Зоология институтына басшылыққа келдім. 2019 жылдың көктемінде осы жұмысты қайта қолға алуды, Қазақстан Республикасы «Қызыл кітабының» 5-басылымын шығаруды мәселе етіп көтердім. Негізінен бұл – жаңа кітап шығару ғана емес, елі­мізде сирек және жойылып бара жатқан аң түрлерінің популяциясының қазіргі жай-күйіне қатысты барлық ақпаратты жи­нақтау. Ол үшін ғалымдар далаға атта­нып, зерттеу жүргізеді. Табиғи ортада сүт­қорек­тілер мен құстар популяциясының жас құрамы да зерделенді. Осы жұмыстар жүр­гізіліп, қорытындыланғаннан соң кейін ғана барып, «Қызыл кітапқа» зерттеу объектісі болған аң немесе өсімдік түрі енгізіледі ». Яғни мәселенің шешімін табу үшін қаржы жетіспейтіні, сонымен қатар мамандардың тапшылығы негізделеді. «Қызыл кітапты» әлемдік деңгейдегі сапада толық әзірлеу үшін біз бес жыл мерзімге 1,2 млрд теңге қажет деп сұрату жібергенбіз. Өкінішке қарай, 350 млн теңге бөлінді әрі уақыты да екі жыл деп қысқартылды. Зерттеуді әдістемелік тұрғысынан толық атқаруға бұл мерзім аздық етеді. Бізге бөлінген қаржы мен берілген уақыт «Қызыл кітаптың» мемлекеттік басылымын әзірлеу үшін ғана жеткілікті. Келесі жылы қаңтарда осы бағдарламаны қаржыландыру басталады. Аталған мерзім ішінде біз далаға шығып, кешенді осы жұмысты аяқтап үлгеруге тиіспіз», – дейді Роман Ященко.  Ал ең қызығы жойылған аңдарды растау үшін кемінде 50 жылдай уақыт керек.  Дәлірек айтқанда, Қазақстанда жойылып кеткен аңдар қатарына қызыл қасқыр кіреді. Ол Тянь-Шань тауларында өмір сүрген. Тұран жолбарысы да солай. Оны адамдар соңғы рет 1950 жылдардың басында көріпті. Содан бері ешкім кездестірмеген. Ережеге сәйкес қандай да бір аңды адам 50 жыл бойы ешбір жерден кездестірмесе, ол жойылды деп саналады. 
    Мамандар омыртқасыздардың да жойылып кеткенін айтады. Мәселен, Қазақстанда қоңыздың бірнеше түрі көп жылдардан бергі көзге түспепті. Демек, олар жойылып кетуі әбден мүмкін. Әдетте жәндіктердің жойылуына урбанизация мен ауыл шаруашылығына түрлі дәрі-дәрмек пайдалану әсер етеді екен. Дегенмен Зоология институты нақты жойылған қоңыздар жайлы әзірге ашық мәлімет бере алмайды. Өйткені олардың жойылғаны алдымен расталып, бекітілуі керек. 
Азайған аңдарды қайта қалпына келтіру үшін көптеген қаржы керек екені мәселенің бірден-бір шешімі.  Қаражаттың басым бөлігі интеллектуалды ресурсқа жұмсалады екен. Яғни, аңның өмір сүретін аумағына бару, популяциясына бақылау жүргізу, қаншасы сақталды соны анықтауға жіті назар аударылады.
Экоблогер Сәкен Ділдахметтің айтуынша, бұл мақсатта әр аңға арнайы бағдарлама құрылуы қажет. Осы бағытта жұмыс жасалса ғана құрып бара жатқан жануардың санын қайтадан өсіруге әбден мүмкіндік туады.
Сәкен Ділдахмет осы тұста елімізде саны көбейтілген сирек аңдардың түріне қатысты жақсы мысал келтірді. Біріншісі – ілбіс. Мемлекетіміз БҰҰ Дамыту бағдарламасы, түрлі табиғатты қорғау қорларының көмегімен аталған жыртқыштың санын өсіруге атсалысып келеді. Екіншісі – құлан. Ұлттық парктерде қорғау шараларының арқасында олардың саны өсті. Қазір санын көбейту үшін басқа облыстардағы қорғалатын аумақтарға көшірілуде. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, «Қызыл кітаптқа» кірген аңдары бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басты мақсаты – табиғи ландшафтты сақтау, сирек және құрып бара жатқан жануар түрлерін және өсімдіктердің өмір сүретін ортасын қалпына келтіру. Жойылып бара жатқан аңдарды инспекторлар мен қорықшылар арқылы мемлекет қорғайды. Ал сирек және құрып бара жатқан аңды атқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар қазір ведомство «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның жобасын қолға алып, орман, жер, кәсіпкерлік, салық кодекстеріне, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздеп отыр. Өйткені дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау мен экспортының артуына байланысты шикізат қоры таусылып барады. Елімізге өсімдіктердің бөтен түрін бақылаусыз әкелу, сондай-ақ инвазиялық зиянкестер мен ауруы бар бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі сирек және эндемик өсімдіктерге қауіп төндіре бастаған.  Ал мұндай жағдай «Қызыл кітапқа» енетін өсімдіктердің де қатарын көбейтіп жіберуі мүмкін. Мысалы 2020 жылғы статистика бойынша Маңғыстау облысының өзінде 14 қылмыс және 81 құқық бұзушылық тіркелген. Айта кету керек, елімізде бұл жануарлар адам ақылсыздығының құрбаны болғандықтан қарақұйрықтар мен ителгілердің популяциясы Қызыл кітапқа енгізілген. Ең сорақысы Каспий теңізіндегі итбалықтардың жай күйі. 
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарды қорғау мәселесіне алаңдаушылық білдірген болатын. Бұған 2020 жылы шілдеде әлеуметтік желіде тараған адамдардың итбалықты ұрып-соғу видеосы себеп болған. Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша адамдардың қатыгездігі жануарлардың өліміне не мертігуіне әкеп соқса, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады болмаса120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады және 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады. 
    Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ дегендей  аңдар мен құстардың табиғаттың айырылмас бір бөлігі екенін естен шығармаған абзал. Сондай жауыздықпен табиғатқа зиян келтірсек, адамзаттық құндылықтар жайлы сөз қозғамай-ақ қояйық. Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған барлық шаралардың өз дәрежесінде орындалмауы, қаражат пен мамандар тапшылығы Қызыл кітаптағы тізімдердің өсуіне басты себеп. Табиғатқа жанашырлық танытсақ, оның да бізге берер байлығы шексіз болмақ!

Сатыбалды Асылзат Даулетқызы 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2 курс студенті

Дереккөз: Azattyq сайтынан алынды


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз