Өлең, жыр, ақындар

Ардагер ұстаз Уахит Хамзаұлы Шәлекенов (1924-2020 жж.)

Биылғы 2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің негізі қаланғанына 90 жыл толып отыр. Осы орайда университеттегі тарих факультетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтың өмірі мен қызметіне тоқталып өтпекпіз.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов – этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1924 ж. 12 мамырда Астрахань облысы, Қарабайлы ауданы, Серікті ауылында дүниеге келген. 1938  ж. Қарақалпақстанның Мойнақ ауданына отбасымен қоныс аударады. У.Х.Шәлекеновтың ғылым жолына түсуіне үлкен әпкесі Кабира Хамзақызының үлкен ықпалы тиген. Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Кабира Хамзақызы ұзақ жылдар бойы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында биология пәнінен дәріс оқыған.

1942 ж. 18 жастағы бозбала Уахит Шәлекенов  Қызыл Әскер қатарына шақырылып, сол жылдары Украинадан Өзбекстанның Наманған қаласына көшіріліп әкелген Харьков жаяу әскер училищесіне қабылданады. 1943 ж. кіші лейтенант У.Х. Шәлекенов майданға аттанады. 1943 ж. взвод командирі болып, екінші дүние жүзілік соғыстағы маңызды оқиғалардың бірі – Курск доғасындағы шайқасқа қатысады. РКФСР мен Украинаның бірнеше қалаларын азат етуге қатынасқан жауынгер кезекті шайқастың бірінде ауыр жарақат алып, елге қайтады. Жас жауынгердің қаһармандығы бағаланып, «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және тағы басқа 15-тен аса медальмен марапатталады.

1943 ж. елге оралған соң мектепке мұғалім болып орналасады. 1944 ж. Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1948 ж. тәмамдайды. Осы жылы Қарақалпақ облыстық коммунистік партия комитетінде дәріс беріп, 1950 ж. күз мезгілінде КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының аспирантурасына қабылданады. Осы жылдары С.П. Толстов, С.А. Токарев, Т.А. Жданко және т.б. белгілі ғалымдардың дәрісін тыңдап, Хорезм археология және этнография кешендік экспедициясына қатысады. Этнография ғылымының көрнекті маманы Т.А.Жданконың жетекшілігімен «Социалистическое преобразование быта каракалпакского колхозного крестьянства» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 1953 ж. 1 желтоқсанда «этнография» мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.

1953-1959 жж. Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалы Тарих, тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, 1959-1970 жж. Археология және этнография секторының меңгерушісі болып ғылыми жұмысын жалғастырды. Ұзақ жылдар бойғы  қажырлы ізденісінің нәтижесі – 1967 жылғы «Әмударияның төменгі ағысы бойын мекендеген қазақтар» тақырыбындағы докторлық диссертациясының негізіндегі іргелі еңбегі. Бұл докторлық диссертациясына Қазақстан тарапынан қазақтың энциклопедист ғалымы, академик А.Х. Марғұлан пікір білдірсе, Өзбекстан тарапынан академик Я.Г. Гулямов оппоненттік еткен. Өзбек КСР ҒА Қарақалпақстан филиалында қызмет жылдарында 1959 ж. доцент, 1972 ж. профессор ғылыми атақтарын алады.

У.Х. Шәлекенов 1970-1973 жж. Шымкент педагогикалық мәдениет институты КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болады 1974-1988 жж. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультеті археология және этнография кафедрасының меңгерушісі,  1977-1985 жж. тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Осы жылдарда тарих факультетінде КСРО мен әлем тарихына арналған арнайы кабинеттер жабдықталып, Уахит Хамзаұлы факультеттің дамуына үлкен үлес қосты.  

Профессор У.Х. Шәлекенов археология және этнология кафедрасын ширек ғасырдай уақыт басқарды. Ол 1974 ж. ҚазМУ Тарих факультетінің Жамбыл облысы, Шу ауданында ортағасырлық Баласағұн қаласы орнында орналасқан археологиялық тұрақты базасын ашады. Бұл археологиялық база студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына үлкен мүмкіндік берді. 1983 жылы факультет тарихында алғаш рет «Археология» мұражайы, 1984 жылы «Этнография» мұражайы ашылды. Мұражай экспонаттары кафедраның жылдар бойы жүргізген археологиялық экспедициялары барысында жинақталды. Сонымен қатар «Тарих» мамандығы бойынша арнайы бөлім мен  «КОКП тарихы» мамандықтары да У.Х.Шәлекеновтың декан болған жылдарында ашылды.

У.Х. Шәлекеновтың Қазақстанның ғылым мен білім беру саласына қосқан үлесі ескерусіз қалмады. Ол 1984 жылы «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері», 2000 жылы «Университеттің құрметті кафедра меңгерушісі» құрметті атағын иеленіп, 2009 жылы университеттің 75 жылдығында «Үлкен алтын әл-Фараби» медалімен марапатталды.  

Уахит Хамзаұлы ұзақ жылдардағы әкімшілік қызметтен қолы босағаннан кейін ғылымға ден қойып, жемісті еңбек етті. Ғалымның қазақ тарихына, Қазақстан археологиясы мен этнологиясына, әлем тарихына арналған  ондаған монографиялары мен оқулықтары, 400-ге жуық  ғылыми мақаласы жарық көрген. «Құм басқан қала» (Алматы, 1992 ж.), «Түріктердің отырықшы өркениеті (Алматы, 2002.), «Ортағасырлық Баласағұн» (2003 ж.), «V-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн қаласы» (Алматы, 2006 ж.), «Орталық Азиядағы арийлердің өркениеті» (2011ж.) және т.б. зерттеулері ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты маңызды еңбектерінің қатарына жатады. Ғалымның ортағасырлық Баласағұн қаласына байланысты зерттеулері оның 30 жылдан астам қажырлы еңбегінің жемісі болып табылады.

Сонымен қатар профессор У.Х. Шәлекенов Ресей, Орталық Азия елдерінде өткен халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғап, қазақ тарихының тың тақырыптарын арқау еткен 100-ге тарта мәнді де тағылымды баяндамалар жасаған.

Шәкірт тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосқан Уахит Хамзаұлы 20-дан астам аспиранттарды мен докторанттарды дайындап шығарған. Сонымен бірге әр түрлі жылдарда диссертациялық Кеңестің мүшесі ретінде, сондай-ақ кандидаттық және докторлық диссертацияны қорғаушыларға оппонент болу арқылы көптеген ғалымдардың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қазақстан тарихы, этнологиясы және археологиясының өркендеуіне үлес қосқан, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің дамуында алатын ерекше орны бар тұлға. Оның артында қалдырған ғылыми еңбектері қазақ халқының құнды мұрасы болып қала береді.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасы, т.ғ.к., доцент Е.Н. Ноянов


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз