Өлең-жыр байқауы

Хижра

Хижра, һиджра, (көшіп жүру, қоныс аудару) — Ислам дінін ұстайтын мұсылман елдердегі жыл санау жүйесінің басталатын күні. Хижра күні біздің күнтізбеміз бойынша 622 жылдың 16 шілдесіне, жұма күніне келеді. Бұл күні Мұхаммед алейһиссалам Меккеден Мединеге (бұрынғы аты Ясриб) қашып барып паналаған. Өйткені Меккедегі ислам дініне қарсы болған арабтар алғашқы кезде Мұхаммед алейһиссаламды өлтірмекші болған. Хижра дәуірін Мұхаммед алейһиссаламның орнына отырған екінші халиф Омар (Ғұмар бин әл-Хаттаб) 637 жылы тағайындаған. Хижра күнтізбесінде жыл Ғұмардың жарлығы бойынша 12 айға бөлінген, тақ нөмірлі айлар 30 күннен, жұп нөмірлі айлар 29 күннен есептелген, айлардың белгілі атаулары болған. Сонда жыл 354 күн болады. Бертін келе арабтар күнтізбені табиғи маусымдарға сәйкес келтіріп отыру үшін, әрбір 30 жылда 11 рет жылды 355 күннен есептейтін болды. Осыған орай жылдың соңғы айы — зұлхиджа әрбір 30 жылдың 19 жылында бұрынғысынша 29 күннен, 11 жылында 30 күннен есептеледі. Зұлхиджаның қай жылдары 30 күннен алынатындығы жөнінде тиянақты ереже бар. Бұл күнтізбе ай Хижрасы деп аталады. Кейбір мұсылман дініндегі елдерде (Түркия, Иран, Ауғанстан, т.б.) жыл санау жүйесінің басы ретінде Хижра, яғни григориан күнтізбесінің 622 жылы алынады да, жылдың ұзақтығы григориан күнтізбесіндегідей, 365 (366) күннен есептеледі. Бұл күнтізбе күн Хижрасы деп аталады. Ай Хижрасы бойынша бір жылда 354 не 355 күн болады, ал біздің күнтізбеміздегі бір жылда 365 не 366 күн бар. Біздің жылымыздан ай Хижрасындағы жылдың 11, кейде 12 күні кем. Сондықтан бізше бір жылдың ішінде ай Хижрасын қолданатын елдер жаңа жыл мейрамын екі рет өткізуі мүмкін. Мысалы, ай Хижрасының 1396 жылы 1976 жылы 3 қаңтарда, ал оның 1397 жылы 1976 жылы 23 желтоқсанда басталды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)