Өлең, жыр, ақындар

Неліктен ерікті болу маңызды және одан өзіңіз үшін не алуға болады?

Ерікті (волонтер) – латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Тағы бір мағынасы өзінің қалауымен әскерге барушы адам. Ал қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, олар немен айналысады, олар не үшін мұндай жақсылықтарға барады?» деген сұрақтарға бүгін жауап іздейм. Еріктілердің өздеріне дәл осы сұрақтарды қойсаңыз, бірден жауап бере алмауы мүмкін. Себебі олар өздерінің қалауымен, жан қалауларымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтқан кезде «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Еріктілер жалғыз өзі және топ болып жұмыс істейді. Ол өз еріктерінде. Олардың негізгі айналысатын жұмыстары жетімдерге, мүгедектерге немесе қарттар үйіне барып оларға қолдарынан келгенше көмек көрсету. Ал олардың белгілі бір мереке кезінде қоғамға мемлекет мүддесі үшін өз еріктерімен көмекке келуі де «ерікті» әрекеті саналады.

Қазақ тілінің сөздігіне бір үңілсеңіз, «ерікті» деген сөзге синоним болатын, балама ретінде «асар» сөзін алуға болады. Асар – ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып белгілі бір мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету. «Асар» сөзі тіпті белгілі бір дәстүрге де айналып кетті. Сондықтан «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақ халқында бұл сөздің түбірі баяғыдан бар.

Қазақстанда 2020 жыл волонтерлар жылы деп жарияланғаны белгілі. Күні кеше ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен «Birgemiz» атты республикалық фронт-офистің ресми ашылуы өтті.

- Еріктілік - бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері мен жеңістері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты. Бізде ондай азаматтар өте көп. 16 мың адам - бұл бастапқы сан ғана. Мен кем дегенде 100 мың, мүмкін миллиондаған адамдар, негізінен, өзінің жан дүниесімен, шын беріліп, өз еркімен, волонтерлықпен айналысуға дайын екендігіне сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы органдардың, сондайд-ақ Парламент депутаттарының міндеті - еріктілер қозғалысына қатысуға көмектесу. Біз мұны жасаймыз, - деді ҚР Президенті.

Сонымен, волонтер деген кім? Олардың Қазақстандағы және әлемдегі белсенділігі қандай? Олар қаншалықты пайдалы? Дерек бойынша волонтерлар дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналды. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде әлем бойынша 1 млдқа жуық адам ерікті болып табылады. Ал Қазақстанда 16 мың төңірегінде екен. Президенттің пікірінше бұл өте аз. Сондықтан бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Себебі, олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі орасан. Мысалыға, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Келтірілген ақпаратқа қарағанда Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар, Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен.

Бекмагамбетова Камила


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз