Өлең, жыр, ақындар

Қоқыс алаңдарында пластик патшалығы әмірлік етуде!

Күнделікті өмірде пластик өнімдерін қаншалықты жиі қолданатынымыз және оның қоршаған ортаға тигізер зияны жайлы ойлап көрдіңіз бе? Тарихқа көз жүгіртсек, пластикті ең алғаш рет 1855 жылы ағылшын металлургі Александр Парксом қолданысқа енгізген. Ғалым өз жаңалығының табиғатқа қаншалықты зиян әкелітіні жайлы білмесе керек.

 

Қазіргі уақытта пластикалық өнімдерді кез келген жерден табуға болады. Бұл материалдан ыдыс-аяқ, ойыншықтар, тұрмыстық заттар мен техника, зергерлік бұйымдар, сондай-ақ басқа да өнімдер өндіріледі. Пластикалық қалдықтарды өндіру жылына шамамен 9 млрд тоннаны құрайды және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, пластиктің аз ғана бөлігі, яғни барлық қалдықтың 10% ғана қайта өңделсе, қалғаны мұхиттарға түсіп, қоршаған ортаны ластайды. Пластикалық қалдықтар қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Бұл мәселе сіз ойлағаннан да ауқымды. Мәселен, Тынық мұхитында көлемі Украина аумағынан асатын аумағынан үлкен қоқыс аралы пайда болды және бұл мұхиттардағы жалғыз қоқыс аралы емес. Пластик қалдықтары жер шарымыздың ең алыс бұрыштарына жетіп жатыр. Тіпті, оларды Гималай тауының шыңынан, Мариана шұңғымасының түбінен де табуға болады.

Пластиктің қоршаған ортаға әсері

Жаңа зерттеулерге сүйенсек, мұхитта 5 трлн-ға жуық пластик өнімдері бар. Дәл қазір әр үшінші балықтың ағзасынан пластик қалдықтарын табуға болады. Пластикалық қалдықтардың әсерінен теңіз тұрғындарының 600 түрі зардап шегуде. Ал мұхит бетіндегі улкен қоқыс аралдары маржандардың, планктондардың, балдырлардың тіршілігіне қажетті күн сәулесін жауып тастайды екен. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдармасының есебіне сәйкес, жыл сайын 130 000-ға жуық кит пластикалық торға түсетіні анықталды.

Пластиктің салдарынан құстардың, құрлықтағы жануарлардың қатары да сиреп жатыр. Зиянды, улы заттар ағзаны улап, ас қорыту жолдарын бекітіп, жануарлардың жаппай қырылуына әкеліп соғуда.

Қоқыс үйіндісіндегі пластик топырақты ластайды. Неміс ғалымдарының растауы бойыншы, топырақтың ластануы мұхитқа қарағанда 4-23 рет жоғары. Бұл материал топырақтың барлық түрінде кездеседі. Топырақ токсиндерді сіңіріп алып, жабайы өсімдіктер мен дақылдарға кері әсер етеді. Пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары топыраққа сіңіп, жер асты сулары арқылы ең жақын су көздеріне түседі. Ластанған су вирустар мен бактериялар үшін тамаша көбею алаңына айналады.

Адамзат күн сайын микропластиктермен тыныс алады, оны жеп, ішеді, нәтижесінде адам ағзасына аптасына 5 грамм, ал жылына шамамен 250 грамм микропластик түседі. Бұл 230 пластикалық түтік немесе 8 жарты литрлік пластик бөтелкелердің салмағын құрайды. Пластиктің құрамындағы химиялық заттар аллергия, жүрек-қан тамырлары, бедеулік, қант диабетін, тіпті қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін.

Сонымен қоса, қоршаған ортаның пластикпен ластануы экология ғана әсер етіп қана қоймай, экономикаға да зиянын тигізеді. Мәселен, туризм мен балық шаруашылығы саласы айтарлықтай шығынға ұшырайды.

Пластик өнімдеріне тәуелділік көптеген экологиялық мәселелерді тудырады. Сол себепті, ел болып, пластиктен біртіндеп бас тарту қажет. Қазіргі таңда, 35 ел пластик қолданудан бас тартты. Бізде батыс елдерінің бастаған эстафетасын қолдайық. Табиғатты қорғау – адамзаттың борышы.

Қоршаған ортаны қауіпсіз әрі таза ұстау — біздің қолымызда!

Кумарова Мейірім

 

Оқуға кеңес береміз:

Пластмасса деген не?

Пластикалық ыдыстардағы қауіп

Сіздің үйіңізде болуы мүмкін 7 улы зат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз