Өлең, жыр, ақындар

Ұйымдардағы келіспеушіліктер және оның алдын алуды талдау арқылы психологиялық бағалау беру

Басқару – бұл күрделі құбылыс. Тек іскерлік қарым-қатынаспен шектелмей, қоғамда орын алатын күнделікті құбылыстың бірі. Бұл белгілі бір ұйымнан басталып жеке адамға жалғасады. Басқару үдерісінің құрылымын, сипатын, оның мән-мағынасын ашып көрсету үшін ЖОО-ның оқыту жоспарына арнайы курстар енгізілген. Әлеуметтік тұрғыдан ұйымға қатысты, лидерлік, жалпы коммуникацияға қатысатын тұлғалар арасында пәнаралық байланыс ретінде психология, тіл білімі секілді ғылымдардың орны ерекше. Айталық, тұлғааралық қатысым, сондай-ақ топ ішіндегі адамдардың қарым-қатынасы әркелкі болып келеді. Белгілі бір ұйымның бағыты бір болғанымен, ондағы қызметкерлердің көзқарасы, мінезі, тіпті сөйлеу әрекетінің өзі әртүрлі болады.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1-курс магистранттарының білім беру жүйесінде «Басқару психологиясы» пәні оқытылады. Аталмыш пәннің мақсаты - басқару іс-әрекетінің  теориялық-практикалық негіздерін талқылай отырып, тұлға теорияларын басқару тәжірибесінде қолдану мүмкіндіктері, басқарудың мотивациялық аспектілері, ұйымдағы эмоциялық күйді  басқару, басшының тұлғасы мен тұлғааралық және қызметтік қатынастар психологиясы, ұйымдық коммуникация, ұйымның корпоративті мәдениеті жайлы зерттеулерді негіздеуге бағытталған басқару  жүйесіне бағдарлама құрастыру үшін жаңа заманауи басқару психологиясының базалык теориялары мен зерттеулерін  қолдану арқылы басқару жүйесінің психологиялық негізі  туралы теориялык білімдерін қалыптастыру.

«Басқару психологиясы» пәнінің оқытушысы психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жубаназарова Назираш Сүлейменқызының жетекшілігімен Қазақ Филологиясы факультеті мамандығының 1-курс магистранттарына «Ұйымдардағы келіспеушіліктер және оның алдын алуды талдау арқылы психологиялық бағалау  беру» тақырыбында дәріс оқытылып, әлемдік зерттеулерге шолу жасалды. Дәріс барысында пән аясында оқытылатын әдебиеттер бойынша Кабаченко В.С. «Психология управления», Столяренко А.Д. «Психология управления», «Психология делового общения и управления», сондай-ақ қазақ тіліндегі зерттеулер бойынша Бердібаева С.Қ. «Тұлға психологиясы», Жубаназарова Н.С «Тұлғаның психологиялық диагностикасы», Ахтаева Н.С., Абдижаппарова А.И., Бекбаева З.Н. «Басқару психологиясы» сынды ғылыми еңбектермен танысып, берілген тақырып бойынша кең ақпарат алды. Нәтижелерді талдау (семинар) кезінде өтілген дәріс бойынша магистранттар ұйымдағы басқару, ұйымдағы келіспеушілік және оның алдын алу мәселелеріне баса назар аударды. Білімді қорытындылау сабағында, ақпаратты жан-жақты толықтырып, теориялық база жасап, тәжірибемен ұштастыруға тырысты. Осы орайда, магистранттар қазіргі уақыттағы жұмыс беруші мен жұмыс істеуші рөлдеріне еніп, түйткілді сұрақтар төңірегінде жауап іздеді. Ұйым басқарушысы ретінде фирманың, киім дүкенінің, мектеп ішіндегі, сонымен қатар күнделікті оқытушы ретінде түрлі жағдаяттар келтірілді. Ал жұмыс істеуші рөліндегі магистранттар сол ұйым басшысына сұрақ қойып, өздері кездескен жағдаяттарды мысалға келтіре отырып, содан шығар жолын сұрақ ретінде: мәселен, «сіз осы жағдайда не істер едіңіз? Қалай көмек бере алатын едіңіз? Осы жағдайларға басшының қатысуы дұрыс па?», т.б қойды.

Айталық, ұйымда өз жұмысына тиянақты қызметкер мен өзіне жүктелген міндетін дұрыс атқара алмайтын қызметкер арасында туындаған конфликт, ұйымдағы қызметкерлердің көзқарасының қайшылығы секілді жағдаяттар келтіріліп, мысал етіп алынды. Бұл жағынан тек басқару теориясы емес, сол кезеңде орын алатын тұлғаның психологиялық жай-күйі де назардан тыс қалмады. Ал сабақтың алғашқы сәтінен дискурсқа түсуге, психологиялық ахуал тудыруға, ашық пікірталас жасауға оқытушымыз Назираш Сүлейменқызының орны ерекше болды. Қойылған сұрақ пен берілген жауап арасында кейбір мәселелердің ара-жігін ажыратып, сол жағдаят барысындағы көңіл аударуға тұрарлық мәселелерді атап өтті. Сұрақтың жауабын бірге іздеп, орын алған конфликтіні шешу барысында мәмілеге келу жолын, сөйлеу әрекетіндегі вербалды амалдардың дұрыс қолданысын, эмоциялық ерекшеліктерін бірге қатыстырып, түсіндіріп өтті. Өтілген дәріс негізінде берілген теориямен аялық білімді кеңітіп, іс жүзіндегі қолданысына мән бере отырып, тәжірибемен ұштастыра білдік. Қорытынды ретінде тұлға орын алған жағдаятқа қарамастан, не болмаса конфликтіде өзін басқарушы ретінде, әрі ұйым қызметкері ретінде қалай ұстау қажеттігі, мақсатқа бағындыруға бағыттау, ең бастысы – жұмыс орнында жағымды атмосфера қалыптастыру арқылы сол ұйымның жұмысын нәтижелі етіп, ынтымақтастықпен әрекеттесудегі адамгершілік нормалар мен қағидаларды нақтыладық. Осылайша сабағымызды түйіндеп, өз пайдамызға жаратарлық білім ала білдік.

Жубаназарова Н.С. психология ғылымдарының кандидаты, профессор

Шалтаева Еңлік Саматқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақ филологиясы мамандығының І курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз