Өлең, жыр, ақындар

Шонанова Шахзада Аронқызы

Сталиндік қуғын-сүргін заманында ату жазасына кесілген үш қазақ әйелінің бірі.

Шонанова (Қаратаева) Шахзада Аронқызы 1903 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі Арон Қаратай — Әбілқайыр ханның ұрпағы, анасы Хұсни-Жамал Нұралыхан — Жәңгір ханның немересі, алғашқы әйел мұғалім. Шахзада Шонанованың жолдасы Телжан Шонанұлының да өзіндік орны ерекше. Ол — алаштанушы, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ғалым. «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген.

Шахзада Шонанова ХХ ғасырдың басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған еді. Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) мед.факультетіне (1920), кейін Алматы мед.институтына (1931) түскен Шахзада «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екеуінде де оқудан шығарған. 1936 ж 33 жасында Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмайды. 1937 жылы осы факультеттің 3-курс студенті Шахзада тұтқындалады.

Шахзада 1938 жылы 9 наурызда Алматы түрмесінде атылған.

Шахзаданың соңғы күндеріне байланысты мынадай дерек бар: «Халық жауларын» үш сағат бойы атып, содан соң мүрделерін жабық әскери машиналарға тиеп, қаңырап қалған ауылға апарған. Солдаттар күндіз шұңқырлар қазатын да, түнде атылған адамдарды сонда көметін. Бірде машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. Тізімде жалғыз әйел адам болғандықтан, бұл жерде әңгіме ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова жөнінде деп жорамалданған. Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылған адамдардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз