Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық құндылықтар – Рухани жаңғырудың негізі

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы мақаласында айтуынша, бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғамымыз көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілу керек. Мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.

Қайта жаңғырудың екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды.  Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс, делінген мақалада. Шындығында ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізеді. Және ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін қажет етеді. Елбасы ұлттық мәдениетті сақтай отырып жаңғыру және ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажет екенін баса айтады. Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма болды. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген Ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен сүюі екіталай.

Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.

Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет.

Бұл – тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өз рухани құндылығыңды түгендеп, болашаққа мұра етіп қалдыру.

Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат. Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады.

Туған жерді қорғау, туған еліңе қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға, туған еліңе деген махаббатқа байланысты екен. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінезден», деп бекер айтпаса керек. Осынау парасатты пікір Абайда да бар: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол». Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. Елбасының мақаласында айтылған осынау асыл құндылықтар санамызда жаңғыртып, жан-дүниемізді тағы бір серпілтті.

Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қа­лай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез келген халық шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі. Осындай рухани тұтастық жоқ жерде ұлттық дүниетанымдық үзік пайда болады. Ұрпақ сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, елдік үрдіс болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор.

Дін – қоғамдық қатынас пен күллі адам жаратылысын біріктіруге, тұтастыруға жіберілген асыл илләһи құндылық. Адамзат баласы имандылықты өз табиғатын, әуелгі жаратылысын бұзбай, соған сай танып-біліп, сана-сезімімен қабылдағанда ғана хақиқатқа жетеді. Әрбір жанды-жансыз жаратылысты өз ерекшелігімен, қадір-қасиетімен жаратқан мейірімді Алла Тағала адамзат баласын да түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған мәселелер мен қолға алынатын бастамалар дін қызметкерлерінің де жұмыс бағытын тағы да бір нақтылап берді. Бұл жаңа заманның өткеліне табан тіреп тұрып, имандылық қалыптастырған бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті бастама деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы өз мақаласында жастарды тектілікке тәрбиелеудің жолдарын нұсқап, тұжырымды ой айтты.

Өтеп Жанәлі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс магистранты


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз