Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желінің рөлі

ХХІ ғасыр - әлеуметтік желілердің дамуы қарқын алған кезең.  Әлеуметтік желі қазіргі таңда көптеген әлем елдерін қамтып отыр, тиісінше қоғамға да өз әсерлерін беріп жатқаны белгілі.

«Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды...», деп Ыбырай атамыз өз өлеңдеріне қосқандай, бүгінде әлеуметтік желі бізге жылдам хабар алуға көмегін беріп жатыр. Яғни, бұрындары хат жолдап, оның жауабын алу үшін апталап-айлап күткен еді. Ал қазір әлеуметтік желі арқылы көзді ашып- жұмғанша сауалымызды жолдап, жауап алып отырмыз. Миллиондаған адам күнделікті әлеуметтік желілерді қолдануда: біреу ақпарат іздеу үшін қолданса, енді бірі уақыт өткізу үшін, адамдармен тілдесу үшін пайдалануда. Әрине, әлеуметтік желілер бәріне бірдей әсер бермейді. Бастысы адам оны өз керегіне, дұрыс жолда пайдалануы қажет.

Әлеуметтік желінің зиянды тұстарына тоқталып өтсек, қазіргі заман жастары үшін әлеуметтік желі жол сілтегіш құрал деп саналады. Онда беріліп жатқан ақпараттың бәрін саралау оңайға соқпайды. Осы әлеуметтік желі әсерінен тиым салынған ойындарға, сайттарға кіріп өз өмірлеріне өздері балта шауып жатқан жастарымыз қаншама. Менің ойымша, әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану адамды тәуелді етеді. Виртуалды әлем ми қызметтерін тежеп, психологиялық тұрғыда дамуына кері әсерін береді. Осы әсерлердің себебінен қоғам дертке ұшырап, теріс өзгерістер алып келуі әбден мүмкін.

Әлеуметтік желілер біздің алтыннан да қымбат өлшеулі ғана уақытымызды ұрлауда. Пайдасы жоқ бейнероликтерді көріп, адамдардан жауап күтіп сағаттарымыз байқамай өтуде. Өкініштісі қоғам бұл тұстарына назар аудармауға тырысады, байқаса да бейғам қарауда. Әлеуметтік желі қолданысы артып, жүзбе-жүз сөйлесу кемуде деп ойлаймын. Жастардың қоғамнан алшақтанып, ортасымен, жақындарымен байланысы азаюда. Уақытты текке өткізіп, түрлі сколиоз, нерв жүйесі, көз ауруларына шалдығуда.

Әлеуметтік желілердің тек зиянын ғана емес, пайдасын да айтар болсақ, ғаламтор ақпарат алумен шектелмейді, сонымен қатар, одан пайда табуға да болады. Қазіргі заман талабына сай, қоғам үйде отырып-ақ даму үдерісінде. Түрлі әлеуметтік желілерге жарнама орналастыру арқылы табыс тауып отырғандар жетерлік.

Қорытындылай келе, әлеуметтік желі қоғамда оң және теріс тұстарын да беріп жатқанын байқай алдық. Желіде босқа уақыт өткізіп, денсаулығымызға зақым келтіргенше тек өзімізге керекті дүниені ғана пайдаланайық!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз