Өлең, жыр, ақындар

Шоқан - публицист

Шоқан Уәлиханов жайлы айтқанда, ол кісінің ғалым екендігін, зерттеуші, этнограф екендігін бірден айтамыз. Расымен де, бұл кісі қазақтың маңдайына біткен алтын жұлдыз. Оның өмірі, қызметі, көзқарастары мен танымдары бүгінгі өскелең ұрпақ – мына бізге үлгі.

Ғалым деп мен тек бір саланың озық адамын айта алмас едім: ғалым атану білгірлікті, жан-жақтылық пен көп ізденісті қажет етеді емес пе?! Біз сыр шертіп отырған мына кісі – нағыз ғалым. Өйткені, менің түсінігімдегі ғалым - халыққа қызмет етеді; өз ойы мен өз қолдауын өзінің еңбектері мен дәйектері арқылы жеткізеді. Ғалым айналысып отырған ғылым да адамзат үшін құнды нәрсе: ол не нәрсені зерттесе де, мұның нәтижесін ғаламнан бұрын адам таныса екен дейді.

Ғалым деп сан мен есептеу жүргізіп қана зерттейтін адам емес. Ғалым адам өмірінің сан қырының зерттеуші-бағдарлаушысы. Соның ішіндегі мен үшін негізгі тармақ – публицистика.

Маған ұнағаны, Ш.Уәлиханов өз еңбектерінде аудиториясымен дәрежелес әңгімелер жүргізген: халықпен халық ретінде тілдесіп, ағаттықтарына баса назар аударып, оларды түзету мен шешу жолдарын ұсынған. Басқаша айтқанда, конструктивті критика құралдарын қолдана отырып, пікірлескен. 

Бұл кісінің еңбектері өте көп. Сондықтан, Шоқан өмірінің куәгері боламын деуші әрбір жан өзіне жақын тақырыпта ой толғатқан кітаптарымен таныса алады. Мысалы, маған оның еңбектерінің ішіндегі ең жақыны – “Сот реформалары туралы жазбалар” еңбегі. Менің бұл еңбекті таңдаудағы екі себебім бар: біріншісі – менің болашақта құқықтық журналистика саласында жұмыс істеп көруге деген талпынысым; екіншісі – менің ойымша, әр адам мамандығы мен қызығушылығына қарамастан, өз құқықтарын, Ата Заңын білуі тиіс. Бұл мәселе уақыт пен кеңістікке тәуелсіз маңызды тақырыптардың бірі болып қала бермек. 

Бұл еңбектен Шоқан заманында да сот ісінде бірталай артықшылық пен кемшілік болғанын білуге болады. Мысалы, 1854 жылғы Патша үкіметінің билерді лауазымдыққа тіркеп, оларды сайлауға бағытталған жарлығын Ш.Уәлиханов құптамады.  Бұл туралы ол: “Билерге чиновниктік атақ беріп, олардың лауазымын көтеруді көздеген бұл заң, … билікті халықтың әдет-ғұрыптары мен правосынан ешбір хабары жоқ баққұмар байларға береді” дейді. Бұл сөзінен-ақ ғалымның сот жүйесінің дәстүрлі болмысын сақтап қалу мен қара қылды қақ жарған әділдіктің қаймағын бұзбау принципін ұстанғанын көрсек болады. Сонымен қатар, Шоқан барымта мәселесін де қарастырған. Оның пікірінше, барымта ісі орыс сотымен емес, қазақ хандарының заңдары мен (Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Ескі жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы”) билер сотының қарауына беруді талап етті. Бұл ретте, Ш.Уәлихановтың этнография саласындағы білгірлігін байқауға болады: әр халықтың заңы мен әдебін, дәстүрі мен салтын жетік біліп, оны пайдаға жаратты. Шоқанның осы бір тұсы жайлы оның досы А. Пыпин былай дейді:  “…Материал жинау үшін Уәлиханов ешнәрседен аянбады, өз халқының аңыз, әңгіме, поэма, қисса-дастандарын мұқият жазып алды, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ескі жәдігерлерді сатып алып, көне қолжазбаларды жинады... Уәлиханов өз еліне терең адалдығын сақтады, ол қазақ өмірін сүйді, сонымен бірге батыс өркениетін бағалай алды, өз халқының болашағын тек Ресей қанатының астынан көрді»

Шоқанды толық зерттеп біттік деп айта алмаспыз. Өйткені, оның еңбектері өз заманының шындығын баяндағаны үшін түбегейлі жойылған еді. Соған қарамастан, ол кісі туралы бүгінде білетініміз қаншама. Оның елі үшін, халқы үшін атқарған ерен еңбегі мен аристократтық бейнесі күні бүгінге дейін аристократия эталоны. Шоқан – күллі Әлемге ортақ азамат. Шығыс пен Батыс мәдениеттерін терең тани отырып, өз халқына соның ішіндегі ең асылын дарытпақшы болған ұлы тұлға.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің 1-курс студенті Телибаева А.С.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз