Өлең, жыр, ақындар

Шоқ боп жанған Шоқан

Қымбатты оқушым! Шоқ атаңмен соноу оқулық беттерінен танысқан да, біліскен боларсың. Оның жөн. Не дегенмен, ол тарих тәжінің лағылы. «Аққан жұлдыз» өздік ізін ғылымда бір, публицистикада сан мәрте өрнектесе керек. Міне, қызық! Шоқан мен публицистика. Бұл екеуін нендей күш тіркестіреді? Әлбетте, ұлттық мүдде. Мұны тірек етсек, оған әкелген факторларды қайтпекпіз? Ең әуелі, кадет корпусын атап өткен құп. Өйткені дәл сол тәлім мектебі Уәлихановтың таным аясын кеңейтті. Петрашевшіл Дуровты кезіктіруінің өзі Ресейдің кескін-келбетін іріңдерімен қоса көруді көкседі.  

Қоғамдық-саяси көзқарасы Петербургке барып қайтқан сапарынан кейін түбегейлі демократиялық негізде орнықты. Тиынның екі бетіне куә болар сәт келді. Теңдік пен еркіндіктің туы астында біріккен Герцен, Чернышевскийдің азаттық идеялары. Әрі патша жұрнақтарының сұқ көзі. Шоқан таңдауы аян. Революцияшыл демократтарды пір тұтты. Жас ғалым ортасы орыс интеллигенттерімен толысса, зерттеу нысаны журналистика еді. 

Көңілге түртерлік жайт, Уәлихановтың дінге қатысты ой толғауы. Мәселен, Чернышевский оны прогрестің «қас дұшпаны» деп есептеді. Қанау әм езудің ментальдық үлгісіндей. Осыған орай білім беру мекемелерінде дін сабақтарын оқытпау жөнінде ұсыныс тастады. Шоқан да бейтарап қалмады. Исламның рухани кемелденуге кесір тигізер тұстарын сезе, молдалар мен медреселерді орыс мектептерімен алмастыруды талап қылды. 

«Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары» мақаласында діннің тарихына тоқталды. Көбіне-көп Добролюбовқа сілтей келе, соның тұжырымдарын айғақтады. Бұл ұғымның түп төркіні табиғатпен байланыс құрудың алғашқы кезеңдерінен бастау алады деді. Стихиялық күштерге тойтаруда тәуелділікті материалистік тұрғыдан тұшымдады. Добролюбовтың туындалары Уәлихановтың атеистік ұстанымына біршама ықпал етті. 

Діни көпшілікке Шоқанның пікірі түрпідей тиюі мүмкін. Алайда, ақиқат ақ пен қарада емес. Қақ ортада. Дін тақырыбын қозғаудағы басты мақсат қазақ қоғамын прогреске итермелеу еді. Тағылық бұғауынан босап, экономиканың озат көрсеткішіне табан тіреу. Кәпірлікке салынып, дүниеқоңыздықты насихаттауда емес. Қайта өнер мен мәдениет хақында пісіп жетілу. Ескілікті төңіректеген мәнсіз де, негізсіз қағидалардың шаңын қағу. Шырылдап шыққан үнге үн қосу.

Ендігі тіл мәселесін сараптасақ. Орыс алфавитін енгізіп, түркі һәм қазаққа тән дыбыстарды қосымша таңбалау қажеттігін айтқан да Шоқан болды. «Оңтүстік сибирьлік тайпалар тарихы жөнінде» атты мақалада әдебиеттің ескі және жаңа толқынының тартысқа түскенін аңғартады. Ол ана тілін түсініксіз сөздермен шұбарлауға үзілді-кесілді қарсы. Әйгілі ақын Орынбайға ескертуі соның дәлелі: «Сен қазақ тілін шағатай, татар сөздерімен шұбарлама, қуаты онсыз да жетіп жатыр»,-дейді. Иә, қазақ расымен қуатты тіл. Әрлеп я шұбалтудың керегі шамалы. Халықаралық деңгейде бой жарыстырмаққа тек салмақ жетіспейді. Қуаты мол, құны жұмбақ қазақ тілі болар ма?

Шыңғыс ұлы Шоқан көрнекті ғалым ғана емес, анық публицист. Ниеті де, қаламы да түзу азамат. Айтар ойы, ашар дүниесі тым көп еді. Бар мирасының өзі бірнеше ғасырға татиды. Әттең, ғұмырының қысқалығы да...

Ағыбаева Аружан Оразқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз