Өлең, жыр, ақындар

Абай – біздің ұлттық идеологиямыз

   

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Даналықты көздесең

Жат, тоқып ал көңілге,- деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз жырлағандай, Абай бір ғана әдбиеттің ауқымына сыймайды.

      Абай әлемі, Абай табиғаты, Абай үні мүлдем бөлек. Абай шығармаларының басқа ақын жазушылардың шығармашылығынан ерекшелігі – оның ескірмейтіндігі, мәңгі жасайтындығы еді. Бабамыздың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» немесе «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген қасиетті де құдіретті сөздері қай заман болмасын барша адамзат баласының ортақ тағылымы іспеттес.

      Ақын ел арасында болатын көптеген жағымсыз әрекеттер: көрсеқызарлық, іштарлық, алауыздық, сондай – ақ ауызы аққа тисе, билікті көтере алмай, бір-біріне ірілік көрсетіп, бас-басына би болып, аз ағайынды сан-саққа, жан-жаққа бөліп, ұрпаққа үлгі көрсетпек түгілі қара басын әрең алып жүрген мына халықтың берекесіз тіршілігін күні бұрын көріп тұрғандай ашық та айқын суреттеп, тереңнен баяндайды.

Туысқаның, достарың – бәрі екі ұшты,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе – жалған, сүймесе – аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?!

       Абай – ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар халқының ой-санасының дамуына үлкен үлес қосқан терең ойшыл әрі философ. Ол өзінің философиялық трактаттарын елу жасқа жақындап, әбден толысып, кемелденген кезінде жазды. Абайдың қара сөздері жай әдеби шығарма ғана емес, философиялық еңбек. Осы тұрғыдан қарағанда Абай – ұлы ақын ғана емес, өз заманынан озық туған ғұлама. Әлем әдебиетінің том-том кітаптарына әрең сыйған ойларды Абай дәнді қауызына сыйдырғандай екі – ақ ауыз сөзге сыйдыра білуінің өзі – ақынның өзгелерден ерекшелігін аңғартса керек.

     Қорыта келе, Абай – бүкіл бір елдің мәдени резонансын жасап кеткен тұлға. Мәдениеттің ішіне ақыл-ой, әдебиет пен өнер, ән мен күй кіреді десек, осылардың бәрін Абай туғызбасада жаңадан түлетті, жаңғыртты, бұрынғы шықпаған биігіне шырқатты, аспаған асуына жеткізді. Төлен Әбдіков атамыздың: «Абай – халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық идеологиямыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту – біздің ғұмырлық парызымыз. Өйткені Абайды әлемге таныту – әлемге қазақты таныту» ,-деп айтқан ойы еріксіз ойға орала береді. Осындай мәңгі жасыл нәрлі мұраның асылын қанып ішіп, өміріне қажетті дүниелерді бойына жия білген әрбір жас – нұрлы болашақтың иесі.

Ахина Нұрилла Елеусізқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

2-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз