Өлең, жыр, ақындар

Жолдас, Навои

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1256
«Жолдас» десем жолдассыз, әрі ақынсыз,
Тірі жанды өлді дер қай ақылсыз!
Һәм өзбексіз, тілі бір, туысқансыз,
Бірге жасап, бізбенен бірге жүрсіз.
Өмірге өлшеу емес уақыт қазір,
Өздігінен ештеңе ол етпейді әзір.
Мың жыл бойы жасауы әбден мүмкін
Бүгін бір снарядтай атылған жыр.
Сіз келдіңіз алысты жақындатып,
Жатпай жолда, уақытқа, шаңға батып
Келдіңіз жеңіп қайтқан қолбасыдай
Кернейлетіп, гулетіп, дабылдатып.
Жүз мың жолдық жырларың – жүз мың әскер
Секілді, алдымызда сап түзеп тұр.
Әрбір сөзің баһардың бұлбұлындай
Бейнет, ләззат жайында шертеді сыр.
Арқалап інжу, маржан ойдың кенін,
Ғасырдың сілкіп тастап бөгеттерін,
Жеттіңіз, жабырқаусыз жарқын күнге
Тас түйін мұңлы заман шер-шеменін.
Қайырыммен қараңызшы, сүйікті ақын
Бүгін әлем иесі - жұрағатың!
Көтерді көк күмбезін жаңа дүние
Тазартып мәжнүндіктен адам атын,
Бүгін Фархат көздері атып жалын,
Орындап жүр еркімен ой, арманын.
Бүгін ол зор тауларды ығыстырып,
Жаңартты ағысын да Сырдарияның.
Атанған «Шөл - баябан» далаларды
Өзгертті; орнатты зор қалаларды.
Қиялда жоқ гүлдерді өсірді ол,
Қиял жетпес туғызды көркем әнді.
Фархат бүгін ұмытқан қайғы затын,
Қосты бақыт, шаттыққа махаббатын.
Арап, Иран, Үндістан қызыққандай
Жасады Өзбекстан мәмләкәтін.
Біздерде миллион Фархат өсті жастан,
Боларлық әрқайсысы бір-бір дастан.
Тек қана Навоилар жатыр жетпей
Оны біз мойындаймыз, жасырмастан.
Сөкпеңіз аз дегенге сіздей ақын,
Болатын, көбейетін мезгіл жақын.
Күші бар дәуіріміздің сондай ғажап –
Әр Фархатқа бір ақын тудыратын.
Күтіп тұр алда тағы талай ғасыр
Ұрпақпен, болашақпен боласыз бір.
Сол үшін бердік сізге жаңа паспорт,
Есігі ертеңнің де ашулы тұр.

1948



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балалар

  • 0
  • 0

Әнекей біздің балалар,
Әндетіп тағы оралар.
Әндетіп өтіп барады
Қуантып ата, ананы.

Толық

Бар екем

  • 0
  • 0

Апырым-ау, жоқ па, бармын ба,
Соға ма, жоқ па жүрегім?
Жоқ әлде тас боп қалдым ба,
Осы мен, достар, кім едім?

Толық

Дәужан — Ленин құрдасы

  • 0
  • 0

Бұрын Дәужан жалшы екен
Байдың малын бағатын.
Аздап қана әнші екен
Зарын әнмен шағатын.

Толық

Қарап көріңіз