Өлең, жыр, ақындар

Ақ аймақтың аруы

  • 03.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1358
Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, механизатор Ж. Сәуірбаеваға

Кең дала!
Көк теңіздей көсіліпсің,
Не көрдім сол даладан,
Не сыр ұқтым?!
Тек қана көз қандырып,
Қызықтамай.
Көңілге өрнектерін көшіріппін.
Кең дала!
Көк теңіздей көсіліп қыр,
Көл шалқып,
Қырдың желі есіліп тұр.
Ей, адам!
Сен не деген құдіретті едің,
Қолыңнан жаннат бағын есіріпсің.
Келесің қиялымды өрлетумен,
Жанымды кенде емессің тербетуден.
Өзгерген өздігінен дәнеңе жоқ,
Бәрі де келген адам бейнетімен.
Тұр қанша көз алдымда биік мүсін,
Терең сыр биіктерден түйіпті ішім.
Адамның бақыты үшін күрестің сен,
Ең қымбат,
Ең аяулы сүйіктімсің!
Арусың,
Аяулысың,
Батылсың да,
Өріліп атың сенің жатыр шыңға.
Қолыңнан еккен нәзік ақ мақтадай,
Тебіреніп ойларыңмен отырсың ба?!
Толғанып отырсың ба ертең үшін,
Төрешің,
Уақыт — сенің өлшеуішің.
Бүгінгі еткен еңбек,
Төгілген тер —
Мерейің
Дұшпандардың өртер ішін.
Атыңа елеңдеген ел алыстан,
Құрбың бар Тұрсынайдай қол алысқан.
Дүлдүлсің дүбірлеткен ақ аймақты,
Келесің оза шауып көп жарыстан.
Тындырып күллі елдің жатқан ісін,
Сен бүгін Ұлы Отанның мақтанысың.
Сен жайлы тебіренген жыраулар да
Ашылып ақ мақтандай ақтарылсын.
Толы екен нәзік кеудең күш-ағынға,
Аңсарың дала болды,
Құшарың да.
Аруағы риза шығар ата-анаңның,
Жатса да қара жердің құшағында.
Жеңдірмей жетімдікке желкелеген,
Ерлерше оянасың ертеменен.
Жетелеп еңбек-ана алып шықты.
Енді елге кезің мынау еркелеген.
Толқындап толықсыған көңіл арна,
Жыл өтсе,
Жылжи бермек өмір алға.
Жүзе бер,
Ақ мақтаның айдынында,
Қондырып көк жұлдызын омырауға!
Жүздіріп көк шалқарда кораблін,
Жанында жүр ғой талай қара бұрым.
Арулар әсемдеген әсерлі өмір,
Түрленді тотықұстай дала бүгін.
Солар ғой асыратын дала сәнін,
Солармен қайда да мен жарасамын.
Кешегі отты күндер өнген гүл ол,
Әкенің сөндірмей қап жерошағын.
Солармен талай асу,
Бел асамын,
Солармен шын бақытты болашағым.
Тұрмысын ауылымның алға тартып,
Асырар күннен-күнге жаңа сәнін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қос басында

  • 0
  • 0

Қандай жақсы, дүрліккен дала қосы,
Есіңнен кетпестей боп қалады осы.
Шардараны көңілді
Күйге бөлеп,

Толық

Көңіл сарайы

  • 0
  • 0

Орманды сонау ішінде таудың көгілдір,
Орман ішін бөлеп жырға, төгіп нұр.
Жапа-жалғыз ғажап жұмбақ сарай бар,
Көрген сайын толқып өтер көңіл бір.

Толық

Көңіл күйі

  • 0
  • 0

Шаршамас, сірә, бұл ақын,
Шаршатпай күңді қартамыс.
Мезгілі жоқ бір тынатын,
Өмірде мынау арпалыс.

Толық

Қарап көріңіз