Өлең, жыр, ақындар

Сүйінші

  • 02.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2315
Ұлы Отанның аралап қиыр шегін,
Көкірегінде лапылдап сүю, сенім,
Келе жатыр көктемің жарқын күліп,
Сүйінші бер,
Халайық,
Сүйінші, елім!
Жыр көтеріп келеді ол
Толып-тасқан,
Күй көтеріп келеді ол
Көбік шашқан.
Гүл көтеріп келеді ол
Алуан-алуан,
Күн көтеріп келеді көрікті аспан!
Таң нұрына бірінші бөленетін.
Сүйіншіме,
Диқандар,
Не бересің?!
Берсең болды миллиард ақ наныңды,
Ұлы Отаным ырысқа кенелетін.
Сай-салаға дүркіреп төл еретін,
Сүйіншіме,
Жылқышы,
Не бересің?!
Берсең болды жүйрік бір құнаныңды
Көк белеске көсілтіп жөнелетін.
Қыр қыдырып,
Гүлдерін теріп келер,
Сүйіншіңе,
Балалар,
Сеніп келем.
Берсең болды күлкіңнен күміс үнді,
Берсең болды көңіліңді,
Періштелер!
Қозы Көрпеш,
Үкілі Ақ Баяндар
Кезің келді жұптасып баққа аяңдар.
Сүйіншіңді бәрің де дайындай бер,
Ағыңнан бір жарылып,
Жақсы адамдар!
* * *
Жаңбырдан жаңбыр...
Толастар емес бір ауық,
Сәуірдің бұлты неліктен сонша жылауық?!
Отырмын әлі ойларға малтып беймаза,
Кеткен де болар әлдеқашан түн ауып.
Құяды жаңбыр,
Құяды бір сәт тынбастан.
Қабағын мүлдем алыпты түйіп түнгі аспан.
Қарасам бұлдыр әйнектен сыртқа қараңғы,
Ақ қайың мүлгіп,
Тамшымен тілсіз мұңдасқан.
Соғады жарға,
Ойларым сонша жаңғалақ.
Еркіне мүлдем
Еріксіз мені алды орап.
Елеске елтіп,
Елендей берем неліктен,
Көңілім, мүмкін,
Тұр ма екен асқақ ән қалап!
* * *
Қайта оралды жыл құсы күзде кеткен
Топырағын жасырды түз желекпен.
Тұрмын тағы өзіңді есіме алып,
Үмітіңді біржола үз демек пе ең.
Алматының,
Білесің,
Көктемі ерек,
Сенсіз маған табиғат өкпелемек.
Беріп ен ғой сен маған гүлін үзіп,
Содан қырын қарайды көп көбелек...
Жағаладым өзіңсіз ақ бұлақты,
Неге жалғыз келдің деп,
Тасқын атты.
Неге жалғыз жүрсің деп,
Алатау да
Табанымның астына тас құлатты.
Үзілмеді, қайтейін,
Үз десең де,
Сол үміттің құлымыз біз де,
Сен де.
Үміттеніп өзіңнен жүрген кезде,
Жолығам ба деп қорқам бір кеселге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өкінішке оранып...

  • 0
  • 0

Адамның тірлікте
құмарта өпкені,
Көл-көсір дүние
гүл атқан көктемі.

Толық

Түнгі шумақтар жүрекпен сырласу

  • 0
  • 0

О, жас жүрек,
Шалқыған шалқармысың,
Тулатасың кеудемнің шалқар күшін.
Әр толқының жатқандай

Толық

Дәуір мен ақын

  • 0
  • 0

Үніңменен үнім тектес жаралған,
Сен шомылған шұғыладан нәр алғам.
Жапырақтай жүрегімде сан арман,
Тереңнен ой тербетеді әр алуан...

Толық

Қарап көріңіз