Өлең, жыр, ақындар

Ағалар

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 17866
Сүйсініп сөз еткенде тұлғаңды әркім,
мен талай мақтаныштан нұрланғанмын.
Аққудай жеңгелерім жандарыңда,
көркі боп жүруші еңдер думандардың.
Селт етпей өмірдегі даң-дұңдарға,
жүрдіңдер елді бастап жаңбыр-қарда.
Асылдың сынығындай ағаларым,
қарттыққа сендер де бет алдыңдар ма?..
Өзгермей мейлі көктен Күн құлай ма,
сендерше сертке тұрар құрбы қайда…
Баяғы шуақ шашқан нұрлы көздер
бұл күнде көзәйнексіз бұлдырай ма?..
Зырлайды уақыт, одан озар ма адам,
өзгертер өңін талай гөзал далам.
Сабырлы, сырбаз еңдер шеттеріңнен,
қызығып қыз-келіншек көз алмаған.
Жақтырмай жылмаңдарды көзге күлген,
мұзбалақ қырандардай сөзбен ілген.
Жасқа – аға, үлкенге – іні бола білу
керегін ұрпақ түйген өздеріңнен.
Қалбаңдап шыққанменен күліп алдан,
адамның мәні өзгеріп, түрі қалған.
Қисайса, хан келсе де, түзелмейтін
қыңырлау мінездерің – бүгін арман.
Ойлайтын бала жанын, дала қамын,
Сіз барда нұр құяды санама күн.
Жерімнің байлығындай, Ай нұрыңдай
алдымда жүріңдерші, ағаларым!

* * *
Табиғат, адалдарға жанашыр ма ең?
Өзіңді теңеуші едім бар асылмен,
ендеше аспанымнан бұлтарды қу –
шуақ құй даламызға нан өсірген!
Қу анау қара бұлтты күнді жапқан,
тынбасын құстар үні түнгі бақтан.
Бұл дала нан өсірген, бала өсірген,
мыңғыртып мал суарған Мыңбұлақтан!
Тарихта тартылғандай бұлақ кенет,
қыр елін талай дауыл сынапты егеп.
Нөсерлер селдетпесін жер-құндақты –
нанға да, балаға да шуақ керек!
Даламды тұман басса, мұңайды ажар,
қамығып жабығымнан Күн, Ай қарар.
Мейірім, шуақ-сенім аяласа,
дала да, адамы да шырайналар.
Көрмесін дала көктің бұлты-жасын,
ақындар ақ сезімдей жыр құрасын!
Қып-қызыл дәнге толып қырмандарым,
нан иісі кең даламда бұрқырасын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күзгі өсиет

  • 0
  • 0

Матильдам менің!
Тыңдағын мені, таң нұрлым:
қуаныш-күлкі, қайғымның
сыбаға-сыйын тағдырдың,

Толық

Ақыл қиянаты

  • 0
  • 0

Хабарым жоқ қасіретті шаң-күдіктен,
атырушы ем қырымда таңды үмітпен.
Табанымды сүйетін қытықтап құм,
жалғастырып жанымды мәңгілікпен.

Толық

Толғау

  • 0
  • 0

Маңғыстау – менің мұңды үнім,
мұңды үнімменен нұрлымын.
Жақсыларымды жалмаған
өмір дегенің – бір жылым.

Толық

Қарап көріңіз