Өлең, жыр, ақындар

Ақыл қиянаты

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 3979
Хабарым жоқ қасіретті шаң-күдіктен,
атырушы ем қырымда таңды үмітпен.
Табанымды сүйетін қытықтап құм,
жалғастырып жанымды мәңгілікпен.
Қозы айдасам күндерде құлын қылық,
қоңырлықтан қашатын суыр бұғып.
Көк шалғыным жанымды тазартатын
мені мөлдір шығымен жуындырып.
Қарағайдың иісі-ай тоғайдағы!
Тоғай жаны – көкпеңбек көл айналы.
Көлге жетпей балалар жамырайтын
қой жуаға жабылып жолай бәрі.
Ақ ботаға жарасар зерлі ноқта,
бас қоймайды тұмса інген кергіп отқа.
Қой маңырап, құлыншақ кісінеген
қырмызы кез келмей ме, енді жоқ па?
Көргем малды келмейді керең дегім
қос биені боз құлын тел емгенін.
Соның бәрі бұл күнде түсіме еніп,
шулап бірдеңе айтады емендерім.
Суым – ащы, шөп – нәрсіз, затым жеңіл,
сорға айналып көлдерім жатыр не бір.
Ауам улы. Жердегі бар нәрліні
жеп тауысты біртіндеп Ақыл-жебір.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ерлікті аңсау

  • 0
  • 0

Жорық сап түнде көшелік,
Ямардың суын кешелік,
бұлақтан қанып ішелік,
жаудың бәрі қуылсын.

Толық

Бір-ақ жайды, әйтеуір, білдім бүгін

  • 0
  • 0

Бір-ақ жайды, әйтеуір, білдім бүгін:
маңайымды, тіпті анау жыңғыл гүлін
сен арқылы ораймын жылылыққа,
сен арқылы сіңіріп күннің нұрын.

Толық

Жыл жаңарды, көңілім, жаңар менің

  • 0
  • 0

Жыл жаңарды, көңілім, жаңар менің,
тарылғандай айналам, алар демім.
Қыстығумен күй кештім қаншама күн,
осы ма еді қыспаққа салар жерің?

Толық

Қарап көріңіз