Өлең, жыр, ақындар

Жауап хаттан

  • 16.04.2015
  • 1
  • 1
  • 22172
Аманбыз, жезде,
Солай ма сізде?
Амандаспақ — жол, әдет.

Тағзымға — тағзым,
Назымға — назым
Тілеушілік — ол әдеп.

Жолдан мен де шықпаймын,
Сөзбен сыйлап мықтаймын.

Жолға сіз көсем,
Сөзге һәм шешен,
Оның менде бірі жоқ!

Іздемей жоғын,
Шайқамай тоғын,
Қарап жатқан тірі жоқ.

Мен де соның бірімін,
Өлгенім жоқ, тірімін.

Ағаның ақыл,
Айтқаны мақұл,
Жаны ашыған жақындық.

Мен жазған кеңес,
Мақтаныш емес,
Ат шығармақ ақындық.

Ер батқанда — жорғалық,
Молда жоқта — молдалық!

Байқасақ, жезде,
Бауыздар кезде,
Үн шығу бар емес пе!

Үндемей өлсек,
Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес те?!

Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен, апырым-ай!

Милләтке қызмет,
Бәріңе міндет.
Деп айтасыз өзіңіз.

Милләттен безу,
Әйтпесе төзу,
Шын болса сол сөзіңіз.

Кей іс шарты құрбанмен.
Болмас қорқып тұрғанмен.

Мен бұқтым — жаттым,
Сен бұқтың — жаттың,
Кім істемек қызмет?!

Ауызбен айтып,
Істерге қайтіп,
Жоламасақ не міндет.

Тек жүрсе, тоқ жүрмекті,
Қиын дей ме білмекті.
Жездеке, солай,
Кермессіз қолай
Жан сақтаудың ебіне.

Айтпайтын жыр бар,
Ашпайтын сыр бар
Тымақтының көбіне.

Сізге жаздым ұғар деп,
Тымағы жоқ шығар деп.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Түлкі мен қарашекпен

  • 1
  • 4

Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен
Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен:
«Күнің аз тауық жемей жай жүретін,
Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?

Толық

Қарашекпен мен қой

  • 1
  • 2

Шақырды Қарашекпен Қойды сотқа,
Күймей ме біреу үшін біреу отқа,
Белгілі Қойдың тауық жемейтіні,
Жазықсыз жаза тартқан пенде жоқ па?

Толық

Қара бұлт

  • 2
  • 9

Даланың күнге күйіп, аптап өткен үстінен
Бұлт шықты қаптап көктен.
Қуанды шаруалар «я, Құдайлап!»,
Жерді бір суарар деп қурап кеткен.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар