Өлең, жыр, ақындар

Әулие

Болбырасаң суға тиген қайыстай
Жә болмаса жабағыдай ұйыссаң
Өсіп кетсең кеудең ісіп талыстай
Ізгіліктен үзе қалсаң құйысқан
Әулиеге қыста бар...

Қиыршық тас,қасат қар бетті тіліп
Жынды боран жұлқылап аласұрып
Тұла бойға сумаңдап суық кіріп
Табаныңнан бүр кетіп желмен ығып
Сенделерсің, басқа не шара қалды
Ықтарсың кеп жалғыз түп қарағанды
Сол сәтіңде тәубеңе бір келерсің
Ширығарсың, бейкүнә күйге енерсің

Шөккендейсің кей кездері пәс тартып
Бір бей-жайлық иектесе бойыңды
Айнып қалсаң алған беттен бас тартып
Тарыдайын шашып алсаң ойыңды
Әулие бар- көктемде

Алтын нұрға бусанып бөктер-белі
Көкірегіңді кеңейтіп көктем желі
Көкпегінен бұрқырап күн иісі
Сарғалдағы сап-сары тартар желі

Шырын керіп тобылғы былқылдаған
Кәусар бұлақ шымырлап сылқылдаған
Бұйра түгі дөң-белдің қырқылмаған
Дала елтіп бұлбұлдан жыр тыңдаған
Қымыз ба екен,бал ма екен саф ауасы
Қай дертіңнің осында бар дауасы

Әулиеге жазда бар,барғын күзде
Барың болса қашпас-ты,жоғыңды ізде
Бір керемет болмаса мынау дөңдер
Сап түзеген қалайша құлан түзде

Мынау жалдар алынбас қамал ма екен
Әлде желдің өтіне амал ма екен
Сонау биік шойтасқа бабам шығып
Ұзақ-ұзақ қиырға қарар ма екен ?..

Мынау тақыр-бір кездің көлі ме екен
Мына аңызақ-бабалар демі ме екен
Мына бөктер-мыңғырған табын ба екен
Мына аңғар- тербелген егін бе екен?..
Бір қасиет бары-хақ,әйтпегенде-
Әулие деп ат алу тегін бе екен...

Әулие*-жер аты



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде

  • 1
  • 1

Сен туыпсың бүгін қазақ арысы
Еңсегей бой,бүркіт қабақ сарысы
Жаратқаннан өлең атты енші алып,
Өлең болған бар ғұмыры, бар ісі

Толық

Толғаныс

  • 1
  • 0

Бұл жалғанда ұшпаққа жеткен, кәне,
Сөрең-кеше, жол-бүгін,ертең-мәре
Емексітіп, ертіп ап адастырар
Неткен қызық бұл жалған, неткен пәле

Толық

Айтылатын сөз еді..

  • 0
  • 0

Біздің жақта қыс ұзақ
Сол қыста небір ғажап бар
Соғым-шүйгін, үй-жылы,
Веселятся қазақтар

Толық

Қарап көріңіз