Өлең, жыр, ақындар

Рябина

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3165
Жазды күні ашылды,
Ой, рябина — қызыл моншақтар.
Жат көздерден жасырды,
Жан-жағынан қоршап тал.
Күзде бұршақ бұлты ұрып,
Атой салды қыста жел.
Бір жығылды, бір тұрып,
Ой, рябина, қыпша бел.
Жұрт ойлады құлар деп,
Ой, рябина тым нәзік қой.
Тіршілікке құмар боп,
Жазға шықты жазып бой.
Жол бойында тұр қыздар
Жасырады қоршап тал.
Ой, рябина — қызыл жұлдыздар,
Ой, рябина — қызыл моншақтар.
* * *
Қоңыр кешті сапыршы бір әніңмен,
Салқындатшы ыстық күнді жауынмен.
Ормандарды оятшы ақ жанынмен,
Толқындарды тулатшы асау қаныңмен.
Тебіренсін, тербелсін бар дүние
Тіршілікке болсын асқақ үн ие.
Әніңменен жансыз тасқа жан берші,
Білсін олар күйіне де сүйіне.
***
Риганың самолеті кешікті,
Қалды бөгеп оны нендей керемет.
Жүрегімде қара дауыл есіп тұр,
Жүрегімде алай-дүлей, не керек...
Әлде тауға қалғаныңда жақындап,
Найзағайлар түсті ме екен шатырлап.
Көңілімде талай-талай күдік бар,
Көңілімде өзің салған жатыр дақ.
Аспан жаққа қарап қайта жүдеймін,
Алыс бұлттар бейнесіндей үрейдің,
Сен келгенше, сен қонғанша аман-сау
Күн көзінің ашықтығын тілеймін.
Риганың самолеті кешікті,
Жүрегімде қара дауыл есіп тұр.
* * *
Августың бұл аңызақты ыстығы,
Аяз болып қайта оралар қыс күні.
Ақ боран боп — ақ жалын боп кездесер
Сары жапырақ — сары алаулар ұшқыны.
Әр мезгілдің өзіне тән заңы бар,
Жаңбыры бар, дауылы бар, қары бар.
Февральдың аязында арман ғып,
Аңызақты августы жан сағынар.
***
Қайдасың, қыздар, көк өрім,
Көк Жуа терген құмдардан.
Сәкеннің айтып өлеңін,
Мектепке шулап бір барған.
Есепті бірге шығарып,
Мұхитты бірге жаны ұққан,
Бес алса бірге қуанып,
Екі алса бірге қамыққан.
Гүлдердей жаңа көктеген,
Балапан бала бұрымдар,
Қырланып әлі жетпеген
Суйкімді тәмпіш мұрындар
Бояуық жаңбыр шаймаған,
Қара бір көздер жас көздер,
Қарауға әлі тоймаған,
Жанары өткір аш көздер.
Ешкімдер батып сүймеген,
Күнәсіз жуқа еріндер,
Дауылды әлі білмеген,
Аспандай ашық көңілдер
Аққуы бала күндердің,
Төсінде жүзген айдынның,
Иісін алған гүлдердің
Нұрларын алған ай-күннің.
Қайдасың, қара көздерім
Қай жерді мекен еттіңдер,
Қайдасың, бала кездерім,
Қайрылмай неге кеттіңдер?
* * *
Құс түйесі — тырналар,
ІІІөлдің жырын тыңдаған.
Жайылады қырда олар,
Сусындайды жылғадан.
Талай мерген қақпалап,
Оқталғанмен атуға,
Тұрады олар сақ қарап,
Жібермейді жақынға.
Ала алмайсың айырып,
Тырна да бір көп халық.
Жерде бірге жайылып,
Көкте ұшады топтанып.
* * *
Қарамай неге кеттің сен,
Еділдің ерке кештері?
Қарауытып өттің сен,
Жаңбырлы бұлттай көшпелі.
Жеріңді сұрап тұрақтар,
Жағалай шулап жатыр ақ тал.
Атылған асау бұлақтар,
Қайыңдар, күміс жапырақтар.
Қайрылмай қайда кеттің сен,
Махаббат кеші — байтақ ән.
Көкірегіме кек түйсем,
Іздер ме ем сені қайтадан.
* * *
Жаңбыр шаршап талыпты,
Жас баладай жарысып,
Ізден жүрсек, қалыпты
Жапыраққа жабысып.
Жас бұтақты қаттырақ
Көріп едік сілкілеп,
Жасыл бұлттай жапырақ
Қоя берді сіркіреп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сөйлеп еді жүрегім

  • 0
  • 0

Бұлбұл қанат
Көк тоғайда,
Тұрдық қарап
Көктегі айға.

Толық

Майдан жолында

  • 0
  • 0

Жүре бердік түк үнсіз,
Үзіліссіз, тынымсыз.
Кірпік ілмей ұйқысыз,
Жүре бердік шылымсыз.

Толық

Арқарлы асуында

  • 0
  • 0

Асуы биік Арқарлы
Арқасын сипай жел сүйіп.
Тастардан соғып қалқанды
Жатқандай жалғыз мелшиіп.

Толық

Қарап көріңіз